02.03.2021
2021 жылдың ақпан айында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі, Музыка бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздік жылдарындағы музыкалық білім беру саласының даму үрдісі» тақырыбында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, «Вокал, дирижерлау және музыкалық білім» факультеті, «Музыкалық білім және психология» кафедрасының меңгерушісі Есдаулетова Камила Абдуалиевнамен онлайн сұхбат өтті. Колледждің VKPK_OFFICIAL instagram парақшасының тікелей эфирі арқылы ұйымдастырылған онлайн сұхбатқа Музыка бөлімінің 4-курс бітірушілерімен қатар, Ақтөбе гуманитарлық колледжі, Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжі, Есік педагогикалық колледжінің студенттері көрермен ретінде қатысты. Сұхбат барысында республикамыздағы музыкалық білім беру жүйесінің дамуы, классикалық өнердің қара шаңырағы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Музыкалық білім және психология» кафедрасына оқуға түсу, сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы музыка мұғалімі мамандарын дайындайтын басқа да ЖОО және кәсіптік орта-арнаулы білім беретін ұйымдардың қазіргі білім жүйесіндегі дамуы туралы сауалдар қойылып, мардымды жауап алды. Алдағы уақытта колледжіміздің Музыка бөлімі республикамыздағы басқа да алдыңғы қатарлы музыкалық білім беру мекемелерімен де байланыс жасап, олармен оқу-тәрбие үдерісінде тікелей жұмыс жасауға ниет білдіруде.