Қалың қазақ еліне танымал, ХХ ғасырдың алапат дәуірінде ғұмыр кешкен Көкше өңірінің тарландай тұлғасының бірі – Жанайдар Баймырзаұлы Мусин 85 жасқа толғалы отыр. Бар ғұмырын өз ұлтының құндылықтарын, рухани мұрасын, мәдениетін, бай әдебиетін келешек ұрпаққа жеткізу жолына арнап, мол мұра қалдыра білген тұлғалардың бірі. Туған елдің тұғырына айнала білген Жанайдар Мусин өз заманында небір маңдайалды қоғам қайраткерлері мен ел басшыларының, аузы дуалы атақты ақын-жазушыларының алдында Көкшетау өлкесін таныта білген, оның қадір-қасиетін дарыта білген ұлы тұлғаға айналғаны белгілі.
Өзінің төл туындылары арқылы туған өлкесінің жыршысы бола білді. Туған жердің байырғы атауларын, қасиетті жерлерін баяндап жазумен қатар, мәселе ретінде көтеріп дәлелдей білді. Ата-бабасы ту тіккен, ғасырлар үні естілетін тарихи жерлердің байырғы атауларын сақтап қалуды, қадірлеп ұстауды қаймықпай жаза білуі ұлы ғұламаның табандылығы деп ойлаймын.
Жанайдар Баймырзаұлының адамзаттық болмысын, қаламгерлік қымбат қарымын айтпасқа болмайды. Азаматтық болмысы терең тұлға – сарабдал ойды, салиқалы пікірді, саңлақ қиялды қатар ұстанған бірегей жандардың бірі. Қ.Ғ.Аманжоловтың «Қызыл сызық» атты мақалалар мен сұхбаттар жинағында берілген кемеңгер жазушы Әлізхан Нұршайықовтың Жанайдар Баймырзаұлының «Ақ алаң» романына берген мына бір пікірінің өзінен Жанайдар ағаның төл әдебиетімізден өзіндік белгілі орын алғанын көреміз. «Əзағаң сол мақаласында өз көңілінде авторға деген журналистік рухани туыстық сезімі оянғанын жасырмай айтады. Ол кітап шықпай жатып-ақ романның қолжазбасына жабық пікір де жазған екен. Сонда авторы кім екенін білмей тұрып-ақ қолжазбаны ұнатқан, одан 5 келешекте əдебиетіміздің белгілі қайраткерлерінің бірі шығады-ау деген үмітін де жасырмай айтқан».
1996 жылы Көкшетау педагогикалық колледжіне жазушы, журналист Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннің есімі берілді. Ширек ғасырлық тарихы бар Жанайдар Баймырзаұлы Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледж ұжымы мемлекеттік саясаттың басым бағыты – өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне, жас өркендердің рухани жаңғыруына, білікті кадрлар даярлауға өзіндік үлес қосып келеді. Білім ордасы іргетасын қалағаннан бері білім және ағарту жүйесінде өзіндік орнын айқындаған қара шаңырақ. Республика деңгейінде бірнеше мәрте сапалы білім ордасы екенін дәлелдеген, заман талабына сай оқу орындарының ішінде ойып орын алатын беделі мен атағы бар. Колледж ұстаздары талантты жасөспірімдерді қажымай-талмай білім нәрімен сусындатып келеді. Өңіріміздегі еңселі де беделді оқу орындарының бірі болып саналатын колледж әр істе көшбасшылық танытып алда жүреді. Колледжде жыл сайын Жанайдар Баймырзаұлы Мусинің туған күні қарсаңында жазушының шығармаларын жас буынға дәріптеу мақсатында қалалық, облыстық деңгейде көркемсөз оқу шебері байқауы жоғары дәрежеде өткізіліп келеді.
Жазушының шығармашылығы негізінен, өзін бала күнінен әлдилеп, алақанда мәпелеп өсірген сұлу Көкше өңірінің көркем, әсем табиғатына арналады да, жазушы оны өз шығармаларында бейнелі сөздермен өрнектейді.
Солардың бірегейі, бүгінгі таңда да маңызын жоймаған құнды еңбегі – «Туған үйдің түтіні».
Желке тұсы жасыл құрақ, көк қамыспен көмкерілген Қопа – мөлдірімді аңсаған, толқынымды көксеген, сыбдырымды сағынған жаңға қадірсіз кезіге кетпейін дегендей, Бұқпа тауының табанында дөп-дөңгелек шар айнадай ғана болып бой тасалап, бұғып жатыр.
Шығармадан алынған осы бір шағын үзіндінің өзі оқырманға әсем пейзаж, картинаны жайып салады.
Туған өлкесінің тамаша табиғатымен асыл азаматтарының ерен ерліктерін жырлап, тамаша бейнелерді дүниеге әкелгендігін жазушының «Жер шоқтығы – Көкшетау» еңбегінен де байқауға болады.
Қалың бетеге мен майлы көде бусанған жермен бірге көктей өсіп, өлі шөптің үстін мақпалдай жұмсақ жасыл өскін жасыра бастаған. Қызғалдақтар алаудай құлпырып, сарғалдақтардан жер қайысатын. Көкшенің сексен көлін қорғауды мақсат тұтқан жазушы Жанайдар Баймырзаұлы Мусин әр жерді осылай суреттейді. Бұдан шығатын қорытынды – әркімге туған жері, туған елі қымбат екендігі. Көкшетаудың өңірі асқақ тауларымен, қалың орман-тоғайы, ондағы үлкен-кішілі көлдермен, түрлі жабайы хайуанаттарымен белгілі. Жазушы шығармаларында суреттелген жер, су, тау, көл, орман көрінісі тұтаса келіп керіліп жатқан кербез Көкшенің бар сұлулығын көз алдымызға алып келеді. Жазушылық баяндау әдісін тұтастыра келіп, жылдың төрт мезгілін табиғи бояумен дәл тауып, өрнектегенде Көкше жерінің қалай құлпырғанын көреміз. Журналист-жазушы Жанайдар Баймырзаұлы Мусин өз өмірін Көкше өмірімен тығыз байланыстырған шығармаларын туған топырағының табиғатына, тарихына арнап, ұрпаққа мол мұра қалдырды. Әр шығармасында жырлағандай сұлулығы мен әсем табиғатына тамсана қарайтындай Көкшетаудың әрбір тұсында өзіне белгілі сыры мен аңыздары бар. Осы жазған мұрасы арқылы өзінің бойына біткен бар талант-дарынын туған елі мен туған жерінің табиғи келбетін, кереметтілігін көпшілік қауымға танытты.
Қаламгердің шығармашылығы біздің мәдени мұрамызға тамаша туындылардың бірі болып кірді. Бар ғұмырын қынабынан суырған алмас қылыштай еш уақытта мұқалуды білмейтін қажырлы да қарымды қаламымен туған халқына жан аямай қызмет етуге арнаған Жанайдар аға Мусиннің шығармашылық қарым-қуатының тұңғиық тереңдігі әлі күнге дейін ойлы оқырманын тәнті ететіндігі, қаламынан туған тау бұлағындай мөлдір, таза дүниелері бүгінгі күні де еш мәнін жоғалтпайтын өміршең екендігі даусыз.