2024 жылдың 14-17 қазан күндері аралығында Ақмола облысы «Жастар-ресурстық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен Облыстық талантты жастар фестивалі өтті. Негізі мақсаты – жастардың бойында белсенді адамзаттық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін, патриоттық сезімін, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру. Аталмыш іс-шараға Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің белсенді жастары «Cover-нұсқалар және домбырамен дәстүрлі ән айту» вокалдық бағыты, «Тапқырлар алаңы» интеллектуалды бағыты, «Қазақ аруы – 2024» сахналық өнер бағыты, «Үздік мобилограф – 2024» ақпараттық-технологиялық бағыты бойынша бақтарын сынады. «Қазақ аруы – 2024» сұлулық байқауында «Ағылшын» бөлімінің IV курс студенті Лұқман Айсұлу жүлделі І орын иеленіп, ақшалай сертификатпен марапатталды. «Бастауыш мектеп» бөлімінің IV курс студенті Беккожина Арайлым «Үздік мобилограф – 2024» байқауында ІІІ орын еншілеп, ақшалай сертификатқа ие болды. Ал қалған қатысушыларға арнайы сертификат табыс етілді. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Жеңісті күндер көп болсын!