АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ

ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

ТАЛАП ПЕН ТАЛҒАМ БИІГІНЕН (немесе асылдың сынығы, Бағыстың текті тұяғы – тәлімгер ұстаз Өмірбек Төлеген хақында ой-толғау)

29.01.2021

Көз алдыңнан көлбеңдеп өткенді көңілге түйіп, сезгеніңді санаңда салмақтап, сараптамайынша, бүгінгі тіршілігіңді баянды етуің де, болашағыңа бастайтын баспалдақтарды бекемдеуің де мүмкін емес. Тіршіліктің тапжылмас алғышартындай, күмілжімес, күлбілтесіз куәсіндей көкіректегі көп толқын жетеліні жетелеп, мың құбылып, жаушы-жалам қарап бара жатқан күндердің бір күнінде жұмыла ғаламға ма, жанабындағы жандарға ма, әйтеуір жарыққа шығуға айрықша ынталы. Осынау ыдырамас, мызғымас, жойқын күшті ынта – бұлың-бұлың, бұлдыр-бұлдыр, жалт-жұлт еткен өмірдің талмай қанат қағып, қайтпай қайсарлана беретін өзгертуші қуаты, тыным таптырмайтын қозғаушы күші, адамның ырқынан тыс, ықыласынан үнемі қожырамай қолдаудан айнымайтын тіршілік қажеттілігі екеніне қыруар дәлелдің бірі – қоғам өміріндегі сан-салалы, алуан арналы құбылыстар, мезеттер, сан сырлары сапырылыса сабақтасқан құпиялар.

Әлмисақтан бүгінге дейінгі бел-белестерден аман өткен, әзірге дейін де дін аман адамзатының үнемі зер салып, зердесіне тұтып, зерттеп келе жатқаны – өз өмірі: өкініші мен қуанышы, шүпірлеген өткені, жаныңды тындыратын, сағыңды сындыратын, бейнеті мен зейнеті аласапыран бүгіні, ертегідей тамылжыған, сұлудай бұлықсыған болашағы...

Тегеурінді, қарқынды индустрияландырудың, алпауыт технократияның үдеген дүлей ғасырында күн астындағы адамзат атаулы құрып кетпеу үшін, өмір сүруге бәсекелік, бақталастық қабілеттілігін күшейтпекке қам қылып жатыр. Түп-тамырын, тектік нышан, тарихи-мәдени идентификациялық негізін жоғалтқан халықтардың жан күйзелісі мен сенделісі жойқын. Осыдан болар, қазақтың ұлттық идеясын, «алаш ұранды» идеологиясын ұлы мұратына жеткізер рух кодын жабыла іздеп жүргеніміз рас.

Бұл орайда қоғамдық тәжірибесінің молаюы мен ұлттық, жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде биік мұраттарға бағыт түзейтін сарқылмас рухани қазына мұралардың қара шаңырағы іспеттес, оқу-ағарту, танымдық-ақпараттық, ғылыми-мәдени, әлеуметтік-саяси мекемелердің бірегейі – Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің тарихи маңызы мен миссиясы аса зор десек, сол білім ордасының өз шәкірттеріне, өскелен ұрпаққа игі ықпал ете алатын, қоғамдық ойдың ең шырқау шыңы – бүтін руханият құбылыстарын зерделейтін, іріктейтін, жүйелейтін, түгендейтін, саралайтын, насихаттайтын әрі бағамдап, пайымдайтын зиялы, көзіқарақты студенттер қауымның ең жанына жақын, ғылыми-практикалық қызметтің сүбелі саласы, күллі ғылым атаулысының «фундаменті» – педагогика болатыны айқын.

Бүгінде қоғамдық өмірдің қай саласы болмасын жаңару, жаңғыру барысында өткенін екшей отырып, ұлттық мұрат-мүддеге орайлас тың ізденістерге бет бұруда. Бұл үрдіс ұлттық идеологияның пәрменді тірегі – оқу, ағарту жұмысына да тән. Түптеп келгенде, қоғамдық институттардың басты мақсаты – қазақ мемлекеттігін саяси және рухани тұрғыдан нығайту, оның ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, адамзат өркениетімен ұштастыру болып табылады. Ал осы бағыттағы ізденістер өзегі – рухани мәдениетімізді тәуелсіздік талабына сай дамыту десек, оның өткенінен сабақ алу тағылымы да назардан тыс қалмауы шарт. Тарихи тағылымы өткенді терістеу немесе бірыңғай қаралауда ғана емес, кешегінің өз құндылығын жоймаған озық дәстүрін сабақтастық үрдісіне сай бойға сіңіруде. Мұның өзі төл педагогика ғылымының тарихын толық қалпына келтіру талабынан туындаумен қатар, даму белестерінің идеологиялық кедергілерімен астасып жатқан күрделі ғылыми мәселелерін айқындай түсу қажеттілігін де көрсетеді.

Қоғамның ырғақты дамуы үшін, жүзеге асырылып жатқан қажетті алғышарттар сан-алуан. Оған экономиканың ұйымдастырылуы, қоғамдық қатынастар, саяси құрылым, геосаяси жағдай, демократия мен заңдылықтың сақталуы, табиғи-климаттық ерекшеліктер, мәдени-ағарту мекемелерінің қалыптасуы – бәрі тікелей әсер етеді. Осынау алғышарттар санатында мәдени-ағарту мекемелерінің ішіндегі жоғары педагогикалық колледждердің алар орны алабөтен. Төл оқу орнымыз еліміздің рухани бай мұрасының, кешегі тарихы мен бүгінгі ғылымның, өнер пен мәдениеттің киелі ордасы. Білім мен ғылымның, өнер мен мәдениеттің інжу-маржандары тізбектеліп, кітап атаулыны пәрменді құралына айналдырған ұстаздар қауымы – адамзаттың рухани тыныс-тіршілігінің қайнар көзі, руханият тамыршысы, ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің һәм күре тамыры. Қазіргі кезде әлеуметтің рухани байлығы мен қабілетін дамыту, эстетикалық талғамын қалыптастыру, мәдениет саласы ретінде ақпараттық, білім беру және мәдени-ағарту қызметінің міндеттерін іске асыруда ұстаздың алатын орнын айтып таусу тіптен мүмкін емес.

Халықтың үні, тілі, құлағы, жаршысы болатын қоғамдық-саяси өміріміздің ең алдыңғы саптағы сардары, байыпты барлаушысы, тарихи-мәдени маңызы бар, кез келген сөз дерегін қашан да қалт етпей қадағалап тұруға құлықты сақшысы, әдеби, саяси, мәдени, әлеуметтік өмірдің ілеспе шежіресі, боямасыз шындығы деуге тұрарлық педагогикамыздың бүгінге дейінгі сан-қилы ізденістері осы бағыттардан айнымаған. Қалай болғанда да, педагогика саласында әр жылдары еңбек еткен әр буын өкілдері, халықтық рухани қазыналарды қашан да қызғыштап қорғауға жан салғаны – баршаға мәлім.

Ұлағатты ұстаз, ғалым педагог болып еңбек ету – әр адам үшін берілген тарихи мүмкіндік. Егер әркімнің өмірі – ырқынан тыс берілген, жан тебірентер жақсылық, өлшеулі мұрсат, мұрша екенін ескерсек, заман, ел алдындағы қайталанбас жауапкершілікті сезіну тарихи сәтке айналады. Соны сезіне отырып, үлгі, өнеге арқылы бүкілхалықтық талғам мен танымға әсер ету дегеніңіз – өзгемен қоса өзіңді де тәрбиелеу. «Өз сөзім – өзімдікі» болғанда, басқадан бұрын, ең алдымен, өзімізді бірауық өз қалауымызша, бірауық еркімізден тыс «өзгертеміз», солайша әр мезет, әр мезгіл сабақтасып, жүлгесін тауып, жүйелене келе, қарекетіміз бен әрекетіміздің мазмұнына ұласады. Олай болса, қоғамымыздағы боямасыз өмір, тірлігіміздегі қам-қарекеттер, руханият айдынындағы ізденіс – кім-кім үшін де қатал сынақ, абыройлы сын.

Халық жадында сақталудың жолы әрқилы. Біреу өнерімен, біреу ерен еңбегімен, тағы біреулер биік адамгершілік, азаматтық қылығымен ел өмірінде өшпес із қалдырады. Халық оларды әрқашан есте ұстап, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтып отырады. Сол арқылы кейінгілерді де өткеннің ғибратына баулиды.

Адамның негізі анасының сүтінен, атасының қанынан, ата-бабасының рухынан, ішкен суы мен жеген асынан, жұтқан ауасы мен басқан топырағынан, естіген әні мен тыңдаған күйінен және алған білімі мен көрген тәлімінен, үйренген ілімінен болмақ. Меніңше, нағыз Ұстаз осы қағидаларды өзінің еңбек жолында темірқазық етіп, эллиндік болмысымен, ғажайып көркемдік галактикасымен, талант тектоникасымен болашаққа қызмет ететін кемел ойшыл. «Ұстаздық еткен жалықпас...» демекші, педагог бар саналы ғұмырын білім, ғылым, өнерге арнап, ұстаздық пен өнерпаздықты, еңбекқорлық пен талғампаздықты осынша құлай сүйіп, көктегі Темірқазық жұлдызындай, бар өміріне арқау етіп, бар тірлігіне бағдар қылып оның ырыздық несібесін шәкірттеріне молынан дарытып, ертеңгі ұрпақтың болашағы үшін алаңдап, аласұра жанталасып, ұстазға теңдессіз батпан қатепті қара нардың жүгін бір өзі арқалап, «өзінің уақытын аямай, өзгенің көңілін аялай білген», махаббаты – кванттық генератор, тіршілігі – тағдырлар геммасына айналар хас Тұлға болары хақ.

Ұстаз дарыны мейлінше ғибратты дарын. Оның кеңістігінің өзінен ұғымтал көкірекпен жіті көз адуын өнердің, тынымсыз еңбекқорлықтың, талғампаз ғылымилықтың мінезін көреді. Ұстаздың қоғамдағы феномені – оның толассыз ізденгіштігі мен зерттеушілігі, сол қазынасын жиылған жүк ұқсатып тең-тең етіп қоймай, түйдек-түйдегімен шәкірттеріне, еліне, жұртына тасқындатып төгіп жатуында жатса керек. «Шәкіртсіз ғалым тұл» демей ме, ұлы Абай, ендеше ұстаздардың ғибратты өнегесі, тағылымды істері, көркем я ғылыми еңбектерінің қай-қайсысы болсын, ешбір жанды бей-жай қалдырмай, қоғамның елеулі оқиғасы, құбылысы болып, рухани қазынамызға еніп жатады. Еліне, жеріне, халқына, тіліне деген шексіз ардың ісі, адал тілектің сыбағасындай сезіледі.

Өмірбек Шаймұратұлы Төлеген!

Иә, бұл есім ауызға түскен сәтте ең әуелі біздің көз алдымызға жоғарыда тілге тиек болған ұстаз ұғымы келе қалады. Өмірбек Төлеген – Ұстаз. Таласы жоқ ірі әріптермен жазылатын ұстаз. Кейде осылайша ұстаз деген қасиетті мағыналы ұғымды, ұлы ерлікпен пара-пар ұғымды, ешқашан жайдақтанбайтын, ешқашан жадыланбайтын, ешқашан жадыбастанбайтын осынау тым қастерлі де киелі ұғымды нағыз шынайы иесіне қарата теліген тұсымызда ешқандай баламасыз айтсақ та жарасады. Солай бола тұра, мұнымыз санаулыларға ғана тым көшелі кішіпейілдіктің пәтуалы тұғыры немесе тым тәкаппар кірпияздықтың сырбаз көрінісі сияқты әсер ететінін қайда қоямыз?! Бұл шындықтың бір ұшы ғана.

Математика мұхитынан асыл терген Өмікеңнің: «Өмірімнің суреті сиқыр сандар симфониясы іспеттес!», – деудің өзі бір орайда жалпылама философия, ортақ ақиқат екені қаншалықты болса, енді бірде ғибратты тұлғаның өршіл мінезін, мінезіндегі өршілдігін көрсететін көркемдік даралықтың бір көрінісі ғой. Олай болса, Өмірбек Төлеген, таласы жоқ көрнекті педагог, ірі ұстаз. Өйткені, біріншіден, өмірдің суреті цифрлар метафизикасында өзінен-өзі салына, өрнектеліне бермейді. Екіншіден, осынау қанатты тіркестің тұңғиық шындығы мен биік мән-мұраты өмір атты мұхиттың әралуан толқындары мен дауылдарындағы математик әлемінің күрделі қатпарлары мен қарапайым болмыстары нағыз ғалым иесінің шынайы автопортретін бүкпесіз мүсіндейтініне, сомдайтынына, бейнелейтініне ешкімнің дауы болмаса керек. Демек, Өмірбек Төлеген таласы жоқ, көрнекті педагог математик. Солай бола тұра, осынау ұлы мағыналы ұстаздық ұғымға қосымша балама іздеп, нақты теңеу қосып әрі діттей, әрі ұштай айтуымыздың да өзіндік түрде белгілі бір заңдылығы, белгілі бір шарттылығы, белгілі бір нақтылығы бар. Ал бұл, әрине, шындықтың екінші ұшы ғой.

Ретіне көшсек, балама қоспаған кезімізде де үлкен әріптермен жазылатын ұлы мағыналы ұстаздық ұғымды ұмытпаумен бірге, соны неғұрлым шырайын шығара отырып, жеткілікті түрде дәлелдесек құба-құп. Бірақ мұның да қиямет-қайымы өз алдына бір төбе емес пе?!

Не болмаса, осынау ұлы мағыналы ұстаздық феноминге тың балама қосып, әрлі-нәрлі теңеу тауып асқақтатпақ болған тұсымызда да шындықтан алшақтамасақ, әдетпен озбасақ өте-мөте құба-құп. Бірақ мұның да қиямет-қайымы өз алдына бір төбе емес пе?!

Енді не десек те, ұлы мағыналы ұстаздық ұғымның, әйтеуір, нақты ағартушы иесіне тән шынайы жарасымын, нәзік оралымын, дара болмысын неғұрлым әділ, неғұрлым нақты жеткізгенге, дәлелдегенге не жетсін! Өйткені, асыра айтамыз деп арзандатпасақ, артық айтамыз деп әсірелемесек, кең айтамыз деп көпіртпесек, келте айтамыз деп кемсітпесек қандай ғанибет. Әлқисса парықсыз дәріптегеннен, жалған жалпақ-шешейліктен көсегесі көгермейтіні қаншалықты шындық болса, шын таланттардың да көбеймейтінін, қуыршақ дарынсымақтардың да түптің түбінде көбесі қақырайтынын екінің бірі білетіні де соншалық шындық.

Өмірбек Төлегеннің сан мыңдаған есептер галактикасы – сиқыр сандар симфониясын, қателікті кешірмейтін, ағаттыққа ұрынбайтын үлбіреген цифрлар дүниесінің үйлесімдерін көруден, танудан және көрсетуден, танытудан тұрады десек десек те болады. Қазіргі төл математиканы оқыту әдістемесіндегі ұстаз Өмірбек Төлегеннің даралығы да, ерекшелігі де, ірілігі де – оның осынау болмысында. Көрнекті талантының көркейе түсетіні де, ұлттық математикамызды көркейте түсетіні де – үлбіреген сандар әлемінің үйлесімдерін өзі көріп, өзі танып қана қоймайды, соны өзгелерге көрсетуден де, өзгелерге танытудан да әрқашан әдемі көрініс, әрқашан жемісті өріс тауып жататындығынан. Үлбіреген сандар әлемінің үйлесімдерін көру, тану бір математикке – Өмірбекке ғана қиындық тудырып қоймайды. Сонымен бірге мұндай құбылысты көрсету, таныту үшін ұстаз қаншама іңкәрлік, қаншама қайрат, қаншама қайсарлық, қаншама жігер, қаншама табандылық, қаншама күрескерлік, қаншама ыждаһаттылық жұмсайтынын көзбен көру, қолмен ұстау әсте мүмкін емес. Бірақ оның есесіне соншама түйсіну, соншама сезіну, соншама сүйсіну бар. Ұстаз құдіреті – өзінің көргенін өзгелерге қылаусыз көрсете алғанында. Ұстаз құдіреті – өзінің танығанын өзгелерге қапысыз таныта алғанында. Сиқырлы сандар симфониясы, үлбіреген цифрлар гармониясы – әрқашан қарапайымдылық пен күрделіліктен, биік пен аласадан, ұзын мен қысқадан, ауыр мен жеңілден, қымбат пен арзаннан, шуақ пен көлеңкеден, жарық пен қапастан, тағысын-тағы өмірлік небір антитезалық қақтығыстардың, биполярлық оппозициялардың әралуан драмасынан, жансебіл температураларынан, аумалы-төкпелі қан қысымдарынан тұратындығы Өмірбек Шаймұратұлының зерделі қаламына тән зайыр бояулармен, өрнектермен, бедерлермен, логикалық жаттығулармен, дидактикалық ойындармен, тың технологиялармен, парасатты ойлармен жетіп жатады, суреттелініп жатады, бейнеленіп жатады.

Адам баласы өмір көшінде сан алуан жандармен жолығысады. Бірінің өнегелі ісінен үйреніп, үлгі алса, бірінің жаман әрекетінен жиреніп, сабақ етеді екен. Әр көрген сайын жаңа қырынан танылып, өзіне әрдайым тәнті етер жақсы-жайсаңдармен болған бір кездесудің өзі жадында жатталып қалатыны да рас. Бүгінгі әңгіме арқауы – математиканың бастауыш курсының теориялық мәртебесін арттырып, шағын жинақты мектептегі педагогикалық үдеріс теориясы мен технологиясын егжей-тегжейлі зерттеп, ұсынған, халқына адал қызмет етіп жүрген өресі биік, ойы озық, еңбегі ерен, пайымы терең, өз ортасында өрелі істермен танылып жүрген ұлағатты ұстаз, білікті әдіскер-ғалым, іскер ұйымдастырушы, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» (2000), «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері (2011), ең бастысы, нағыз азамат Өмірбек Шаймұратұлы Төлегеннің өмір белестерінен, атқарып келе жатқан игілікті істерінен де осы түйін беки түседі.

Нұрлы жүзінен парасаттылық пен мейірім шуағы қатар көрінетін, ізгі жүзінен қашан да сарқылмас сабыр, таусылмас төзім аңғарылып тұратын бекзат болмысты осынау абзал азамат біз үшін шын мәніндегі адамдық, азаматтық үлгісіндей әсер қалдырады. Қандай жағдайда да апалақтап асып-саспай, аяңдап жүріп-ақ көп нәрсе тындырады. Көңіл-күйі қандай болса да, тіпті ауырып отырғанында айналасындағыларға сездірмейтін сарабдалдық, ешкімге дауыс көтеріп, зекімейтін, қабағымен де жасқамайтын шынайы көркем мінезді адам. Сеніскен адамдарының ортасында әзілі де жарасымды.

Әзіл-қалжыңдарын айтқан кезде, ең әуелі біздің көз алдымызға бәз-баяғы ғажайып Тазша баланың қиыннан қиыстырар тапқырлығы; әйгілі Алдар көсенің алып та шалып жығатын әжуа-әскиясы: құдіретті Бейімбет туындыларындағы күлкінің майлы жілігі – Мырқымбайдың мағыналы-мәнді мысқылдары; егемен еліміздің түкпір-түкпірінде айтқыштығымен ауыздан түспейтін әрі өз аттарымен жүріп жататын әралуан әйгілі шаншарлардың шағып алатын шуақты шымшымалары – бәрі де жинала келе жемісті күлкіге айналғаны келе қалады.

Өмірбек Шаймұратұлымен қай тақырыпта әңгімелессеңіз де, тұщынып отырасыз. Қырық жылға жуық ұстаз ғұмырдың соқпағын тілге тиек етсе, кәнігі маман екенін қапысыз танисыз. Ал өмір туралы толғана айтатын ой-пікірлері өзіндік көзқарас, айқын биік ойдың, ақылдылықтың, тереңдіктің өзгеше даралығын паш етеді. Күнделікті қарапайым тіршіліктің өзінде зер салар қаншама күрмеуі қиын мәселелер барына меңзейтін зерделі түйіндеулерімен де келіспеу мүмкін емес. Өмірде ұсақ-түйек деген нәрсе жоқ екеніне, әрбір болмашы нәрсенің өзі үлкен істердің тетігі болатынына тәнті боласыз. Сондықтан Өмірбек Шаймұратұлының қолға алған іске жауапкершілікпен қарауды адамдық парыздың ең негізі деп санайды. Нақтылық, дәлдік, тұрақтылық, көпсөзділіктен аулақтық ол кісінің сүйенер тірегі.

Өмір жолы қаншалықты бұралаң болса да, адам жанының да иірім-сырлары соншалықты мол, күрделі тұстары да көптеп саналады. Сырттай қарағанда болмысы бөлек, жаратылысы күрделі һәм қарапайым көрінетін – Өмірбек Төлегенмен жақын араласып, ортақ мұраттар төңірегінде сыр суыртпақтасаңыз, тіпті арғы-бергі тарихтың түйінді тұстарынан, сөз өнерінің сырлы әлемінен емен-жарқын әңгіме өрбіткенде көңілі жарқын, жаны жайсаң екеніне көз жеткізесіз.

Өмірбек Шаймұратұлының өмірбаяндық деректері қысқа болғанымен, азаматтық пен адамгершілікке, ұрпақ тәрбиесі мен ұстаздық ұлағатқа толы қоғамдық жұмыстардың шет-шегі жоқ, шаш етектен десе де болғандай. Бұл ретте алғанда, өмірін өлшеусіз еңбекке, қайырымсыз уақытқа бағындырған – адамдар өнегесі, үлгілі істері еске түседі. Олар ертеңіне кәміл сеніп, кәделі де сауапты істерін қалың көптің мақсат-мүддесіне бағыттап, өздері соның жарық-жылуына, мейірім-шуағына шексіз бөленіп, мәдени-рухани жағынан өсіп, есейе түседі. Осы топтың бел ортасынан – Өмірбек Төлеген есімі мен еңбегі ерекше орын алады. Адами болмысы, биік зияткерлігі мен педагогикамен өрнектелген өнегелік қырлары асқақтай түседі.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің...» тәлім мен тағылым, таным мен пайым, көру мен өру, оқу мен тоқу, білім мен білік атты егіз ұғымдардың тоғысынан туған тұтастықтың сонау тереңде жатқан тамырлы тұсын түйіндей айтқан, тоқсан ауыз сөздің тұжырымындай осы бір-ақ ауыз сөзде таратып айтып тауыса алмастай қаншама мән-мағына бар десеңші.

Иә, отбасында көрген өнеге, өмірден тоқып жиған білім мен білік Өмірбек Шаймұратұлының өмір бойы адамдық негізін танытар ұстаздық атты даңғыл жолмен жүруіне себеп болды. Бала шағында халықтық қасиетті ұғымдар туралы қағидаларға қанығып, ұстаздар ұлағатын құлағына құйып алған жас өскіннің халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін тануы, я жалпы ғылымдардың патшасы – математикаға ден қоюы, оның әдістемесі мен теориясы жайында зерделі зерттеу еңбектерін жазуы, өз өмірін арнаған педагогикалық мамандықтың сан алуан сырларын тербеуі, сын сәтте болашақ ұрпаққа жол тартар жаңа бастамалардың тізгінін ұстауы – Өмірбек Төлегеннің ұлағатты ұстазға айналуы өмір заңдылығындай көрінеді.

Әкесі – Ғабдуллин Шаймұрат Төлегенұлы, білім саласында қырық жылдан астам еңбек еткен ардақты азамат. Соның көпшілік бөлігінде мектеп директоры болып қызмет істеді. Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Анасы – Қарысбекова Асылтас Қарысбекқызы, Еңбекшілдер ауданына қарасты Жаңаауыл совхоздың есеп бөлімінде есепші болып жұмыс істеді. «Батыр Ана» және «Қазақстан Республикасының Алтын Алқа» медальдарымен марапатталған. Ата-анасы он баланы дүниеге әкеліп, өсіріп тәрбиелеген. Сонымен қатар ерте жастан жетім қалған үш жиенді бағып өсірді. Қарапайым еңбек адамдары, аяулы анасының аялы алақаны мен әкесінің еңбек сүйгіштік қасиеті, шексіз мейірімдері балаларының адал, қарапайым, қандай істе де төзімді болуына үлгі болды. Сөз бен істің бірлігі, жауапкершілікті сезіну, уақытты ұтымды пайдалану, кіршіксіз тазалықты сақтау, үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізетті болу секілді қасиеттер ата-ананың өзара сыйласымдылығын көріп өскен балалардың да бойына сіңіп өсті. Қазір бұл шаңырақта тәлім алған ұл, қыздары да өз алдарына жеке отау көтеріп, алды немере сүйіп отыр. Бәрі де жоғары білімді, өз мамандықтарының кәнігі, білікті мамандары. Ұлдың ортаншысы болғандықтан да шығар, Өмірбек аға ата-анасының сүйеніші, бауырларының қамқоры.

Ер балалардың ішінде әке жолын ұстанып, ұстаздық қызметте жүрген жалғыз Өмірбек екен. Қыздардан, апасы Салтанат көп жылдар білім саласында қызмет істеді. Қазір зейнетке шықты. Қарындасы Бибігүл Төлегенова ұзақ жылдардан бері бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып келеді.

Ал үлкен өмір белесінде қиялыңа қанат бітірер жан серігіңнің түсіністігі де, әрине, көп рөл атқарады. Өмірбек Шаймұратұлы – отбасының ұйытқысы, қамқоршы, үлгілі əке. Жұбайы Бақыт екеуі ұл-қызын əлпештеп өсірген ата-аналар, немерелердің ақылшы ата-әжесі. Бұл отбасынан басталар бақыттың елге сіңірер ерен еңбектің кепілі екендігінің айғағы. Қасиетті Жаңаауыл топырағында туған ұлдың есейе келе ел ісіне араласуы, егемен елдің ертеңгі келешегін айқындар алдыңғы толқынның қатарында болуы – тағдырдың үлкен сыны да, кез келгеннің маңдайына жазыла бермес сыйы да екен.

Осыншалық ғибратты да тағылымды өмірбаян иесінің еңбектеріне сүйене отырып тәлімді шығармашылығы жөнінде сыр толғауды орынды санадық. Әрқайсысы өзінше үлкен бір еңбектің нысанасы боларлық кітаптарының ішінде шоқтығы биік, тағылымы бөлек үш дүниесіне ерекше тоқталсақ дейміз.

2007 жылы «Фолиант» баспасынан «Кәсіптік білім» сериясымен «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандағының студенттеріне арналған «Математиканың теориялық негіздері» атты оқулығы жарық көрді. Бұл оқулық 2012 және 2016 жылдары өңделіп, толықтырылып, «Математиканың бастауыш курсының теориялық негіздері» деген атаумен қайта басылып шығарылды. Оқулықты Республикадағы барлық педагогикалық колледждер кеңінен пайдаланады. Оқулықта бастауыш курс математикасында қарастырылатын ұғымдарға теориялық негіздеме жасалып, теориялық материалмен бірге практикалық тапсырмалар да берілген.

Білім негізі бастауыш сыныптарда қаланады десек, бастауыш буындарда сабақ беретін мұғалімдердің теориялық даярлығы да жан-жақты әрі жоғары деңгейде болуы тиіс. Осы мақсатта «Математиканың бастауыш курсының теориялық негіздері» пәнін оқып-үйрену кезінде педагогика колледжінің студенттері мектеп оқушыларына математиканы оқытуға қажетті математикалық біліммен қарулануы тиіс. Бұл үшін олар «жиын», «қатынастар», «сан және шама», «есеп және оны шешу жолдары» тәрізді негізгі математикалық ұғымдарды меңгерулері және алған теориялық білімдерін бастауыш буын математикасының мазмұнын талдауға қолдана білулері керек. Бастауыш курс негіздерін білу болашақ ұстаздарды тәжірибелік қызметке даярлаумен бірге, математикалық білімдерін кеңейте түсуге негіз болады.

Жиындар теориясы мен математикалық логика элементтері мектептегі математика курсының негізін құрайтындықтан бұл материал Өмірбек Шаймұратұлы оқулығында барынша терең, жан-жақты баяндалған. Оқу құралында сонымен қатар бастауыш мектептің математика курсында қарастырылатын алгебралық ұғымдардың әртүрлі тұрғыдағы түсініктемелері келтірілген. Бұл өз кезегінде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің математикадан теориялық дайындығын арттыра түсуге пәрменді ықпал жасайтындығында дау жоқ.

Осылайша, автор математиканың бастауыш курсының теориялық негіздерін мейлінше кесек қалпында жинақтап көрсетсе, 2018 жылы «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандағының студенттеріне және бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Логикалық жаттығулар мен қызықты тапсырмалар» атты оқу-әдістемелік құралында, автор, математика сабақтарында қолданылатын кейбір дидактикалық ойындарды, тапсырмалар мен жаттығуларды оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай таңдап-іріктеп, сөйтіп оқушылардың бұл пәнге деген қызығушылықтарын, танымдық белсенділіктерін арттыруға, қисындық ойлау қабілеттерін дамытуға сүбелі үлесін қосады.

Жалпы мектеп оқушыларының логикалық ойлауын бастауыш сыныптардан бастап қалыптастыру және дамыту туралы мәселе психология, педагогика және басқа да ғылымдармен ертеден-ақ дәлелденген болатын. Бұлардың дұрыс ойлай білуін қалыптастырудың бір құралы – логикалық жаттығулар мен қызықты тапсырмалар болып табылады. Осы тапсырмаларды орындау кезінде оқушылар нақты әрекеттер арқылы өмірде болатын жағдайлармен танысады, тәжірибе жинақтайды, өмірге дайындалады, оқушылардың танымдық белсенділіктері артады. Яғни осының бәрі түптеп келгенде балаларды жан-жақты қиялдауға, оларды ұстамдылыққа, шапшаңдыққа, еңбексүйгіштікке, ойларын жүйелеуге тәрбиелейді.

Сөйтіп өмірдің мейлінше қатал шындықтың неғұрлым терең астарларын – неғұрлым етене таныс жәйттер арқылы логикалық-дидактикалық парасат тұрғысынан байсалды безбендеп, мейлінше зерделі тапсырмалармен шығарып, мейлінше жан-жақты көрсетеді. Жалпы алғанда, автордың оқу құралдары жадағай ұраннан, желікпе-желдірме насихаттан, популистік тұрғыдан жедел үнқосулардан ұдайы тысқары тұратын «селқос, самарқау» оптимизмімен тоқырау заманында көбірек «ұтылған», бірақ танымдық орбитасында көп ұтқан өзгеше бір ғажап әлем.

Өмірбек Шаймұратұлының ендігі кесек дүниесі – 2019 жылы «Ақнұр» баспасынан шыққан «Шағын жинақты мектептегі педагогикалық үдеріс теориясы мен технологиясы» атты оқу құралы. Бұл кітаптан да жалпы ішкі сабақтастықты, заңды құбылыстардың заңды түйіндерін, тым қарапайым, тым тосын, тым күрделі амалдар мен шендестірулерді, оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері, қырағы талаптары мен байсалды тұжырымдарды демек, философиялық-өмірлік контекстердің әралуан сипаттағы көпмағыналы болмыстарын, жалпы шағын жинақты мектеп жағдайында қолдануға болатын оқыту технологиялары және оларды қолданудың тиімді жолдарын көрмеу мүмкін емес. Өзіндік сөз саптауы, ой жүйелеуі өзгеше бұл кітап – Өмікеңнің өміртанымының айғағы іспеттес.

Жастайынан математиканың қызықты да күрделі, құпия әлеміне біржола бет бұрған сарабдал ұстаз, еңбек пен білімді қоса жетілдіре, ұштастыра отырып, өзінің сүйікті ісімен жүйелі шұғылданып келуде.

Әзірше бір нәрсені ғана батыл айтуға болады. Өмірбек Төлеген бұрын қандай математик болса, қазір де сондай математик. Бұрын қандай нақты болса, қазір де сондай нақты. Бұрын қандай күрделі болса, қазір де сондай күрделі. Сақалдарына ақ кіргенше математиканы сәбидің санамағы көретін жәй есеп құмарларға Өмікеңнің есептерін шығармаса да болады. Оның есептері, математикалық мәдениеті өте жоғары, түсініктері терең, ұғымпаз оқырмандарға арналған. Ал математикалық мәдениеті өте жоғары, түсініктері терең, ұғымпаз оқырмандар кез келген ұстаз-педагог үшін арман екенін ескерсек, онда Өмірбек Шаймұратұлы үшін орындалуы қиынға түсетін, бірақ түптің-түбінде бұйыратын ырыс-несібе екеніне өзіміз күмәнсіз сенеміз, өзіміз күмәнсіз үміт етеміз.

Өйткені Өмікеңнің өзі туралы: «Мен – уақыттың алдында түсіп кеткен радио-сигнал секілдімін», – деп парасатты пайыммен топшылауы шындықтың бір ұшын анық көрсетеді.

Міне ғылым тек кітапханалардағы дайын еңбектерді оқып, қажетіңді қиюластырып көшіру немесе арнайы жабдықталған кабинеттерде бірді-екілі бар дүниені қайталау емес екені, ғылым жолын шынайы еңбекпен ұштастырып та шырқау биікке көтерілуге болатынын өзінің бойындағы талабы мен таланты арқылы дәлелдеген дарынды азаматтың өз топырағымыздан шыққанын қай қазақ мақтаныш етсе де жараспай ма?!

Қазіргі жастар буынның өсіп-жетілуінде өзгешеліктер көп-ақ. Кеш-кездесулерге, әдеби-өнер мұражайларына, театр мәдениет ордаларына жүрек-көңіл қалауымен барулары – қиынның қиыны. Кітапхана, мұрағаттарға жол түспейді. Көркем шығарма оқу – сирек құбылысқа айналды. Қысқасы, бәрін емес, бірін айтсақ – компьютердегі «дәйек пен дерек көздері» ойды да, бойды да билеп алды. Осы орайда, өскелең ұрпақ тәрбиесінің тым төмендеп кеткенін, оқушы-студент жастардың мәдени-рухани деңгейлерінің ала-құлалығын жасыру қиын, әрине. Олардың жүріс-тұрыстары өз еріктерінде десек те, қоғамдық орта мен оқу орындарындағы «көңіл-күйлері» жан-жүрекке салмақ салады. Ой таяздығы, тіл шұбарлығы – өзге планетаның тұрғындарындай әсер етеді. Көп болып ойласар, ортақ шешімге келер көкейкесті мәселелердің бірі – осы.

Бұл реттен алғанда, білім мұраты мен тағылымы арқылы жас ұрпақ – студент жастарға мәдени-рухани, эстетикалық тәлім-тәрбие беру ісінде, қоғамдық жұмыстарға тартуда, жан сұлулығын оқып-үйренуде, қысқасы қабілет-мүмкіндіктеріне кең өріс ашуда – Өмірбек аға азамат ретінде де, ұстаздық ұлағатымен де үлкен үлес қосып келеді.

Ұстаз ұлағатының қыр-сыры мол десек, бұл бағыттағы мың сан мысал-деректі – Өмірбек Төлегеннің өмірі мен өнегесінен, тәлім-тәрбиелік қырларынан көптеп кездестіреміз.

Өмір деген қызық қой. Қолында билігі барлардың «барып кел, шауып келіне» жараған жандайшаптар жолы ашылып, мансап пен билікке оп-оңай көтеріле береді де, ал шындығында таза таланты мен таудай талабына сенгендердің көбі тасада қалып қоя беретіні жасырын сыр емес. Өмірбек Төлеген өзінің маңдай терімен жасалған талай қомақты істері бола тұра, астамшылыққа, кеудемсоқтыққа бой алдырмады, мансапты да қумады. Бар ойы өзі таңдаған мамандығы бойынша халқына қалтқысыз қызмет ету.

Жемісті еңбегі үшін республикалық, облыстық арнайы мекемелердің құрмет, алғыс грамоталарымен марапатталды. Мұндай баға, марапат, әрине, жігерлендіріп, қайратынды жанитыны шындық. Дегенмен ел, халық алдындағы парыздың өлшемі онымен шектелмесе керек. Өйткені қалың елдің ілтипаты мен ризалық сезімдеріне бөлену, шынайы алғыс пен құрметке ие болу кез келгеннің еншісіне тие бермейтіні анық. Ал Өмірбек ағаның ең үлкен жетістігі де, табысы да осында деп білемін.

Қандай заман орнап, қандай заң үстемдік алса да, адам өз болмысы мен табиғи қалпынан алыс кетпейді екен. Оның үстіне, мұғалімдік мамандықтың өзегінде гуманистік негіз бар. Ұстаз адамның бойында рухани биіктік болмаса, ісінің ізсіз кетері анық. Ал, мамандығына сай адамдығы толық үйлескен тұста көкейдегі көп арман-тілектің орындалуы қиын емес екен.

Бүгінде «алпыс – тал түс» атты кемел жасына, өнегелі де өнімді толысқан шаққа келіп отырған әріптесім, досым Өмірбек Шаймұратұлының алар асулары, шығар биігі әлі алда деп сенемін. Еңбегінің нәтижелі жемісін көріп, еңбекқорлығы таң қалдыратын аяулы ұстаздың білім мен ғылым майданына келіп қосылған күнінен бастап дәл бүгінгі күнге дейін бір мұраттан айнымай, сара жолынан таймай, өткеніне өкінбей, атқарған ісіне ұялмай, қазіргі уақыт сынынан сүрлеуінен жасқанбай бүгінгі ізденушісі – студентімен де маңдайы жарқырап келіп қауышқаны қуантады.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол», – деп Хакім Абай айтпақшы, өнегелік өрісі кең азаматтың еліне етер қызметі өрлей берсін деп тілейік. Көпке бағдар болар – көктегі Темірқазықтай жарқырай беруін, ойға азық болар – көшелі ғылыми дүниелерінің қоздай беруін, өмірдің өр белестерінде абырой мен алғысқа бөлене беруін қалаймыз.

Табан аудармастан 40 жылдан астам уақытын, еліне, халқына риясыз қызмет етуге арнап, сергектікті серік етіп ұзақ жылдарда алдынан кездескен сынақтардан сүрінбей өтіп, қиыншылыққа қасқайып қарсы тұра білген, бейнеттің түбі зейнет екенін өзінің тағлымды тəжірибесімен дəлелдей алған ұстаз-ғалымның өнегелі өмірі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты елім, жерім деп, бар өмірін соған арнаған колледжіміздің еңбек ерін алпыстың сеңгіріне сергек күйінде жеткізіпті. Ол әлбетте тың, сөзі нық, ойы айқын, жанкешті еңбекқор.

Шаршаудың орнына шабыттанып, дамылдаудың орнына дараланып, жұмысқа құлшына араласып, халқымыздың құндылығын дамытуға атсалысып жүрген Өмікеңнің айтары да, жазары да баршылық. «Қанағатшыл, мейірбан, адамдар, ұзақ жасайды», – дейді халық даналығы. Ерлік пен өрлікке толы ғұмырының көңіліме түйген бір бөлшегіне ғана қатысты ойымды аяқтай келе қадірлі əріптесіме алпыстағы серпінімен жүзге тоқырамай жетсін деп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, əрдайым жақсылық жаныңызды жадыратсын, сəттілік серігіңіз болсын, шаңырақ шаттығы ортаймай, отбасыңызда жарасты тірлік, береке-бірлік, ырыс-ынтымақ салтанат құрсын демекпін!

 

 

 

Аян Қажыбай,

Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ

 педагогикалық колледжінің оқытушысы,

Қазақстан ПҒА-ның корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты

Просмотров: 453


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

СоцСети

Ұйымдар тізімі
Текст