АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ

ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ – ТЫҢ БАСТАМАЛАР

30.05.2020

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 27 мамырдағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында қазіргі таңдағы елдегі ахуалды назарға ала отырып, атқарылып жатқан жұмыстарға өз бағасын берді. Ұлттық кеңес мүшелері алдында қарастырылған мәселелер мен ұсыныстар адами капиталдың сапасын арттыруға бағытталған. Бейматериалдық, зияткерлік активтермен өлшенетін адам капиталы – бұл адамның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, даналығы, іскерлігі, бәсекелестік замандағы оның адамдық, кәсіби құндылығы. Адами капитал дамуындағы білім векторы – қай уақытта болмасын өзектілігін жоймайтын мәселе.
«Білім саласы – экономиканың дамуына ықпал ететін маңызды бағыт. Тіпті, экономиканың толыққанды бір саласы» деп анықтаған мемлекет басшысы ендігі кезекте білім беру мен ғылымды дамытуға ден қою керектігін алға тартты. Еліміздегі оқушылардың білім деңгейі халықаралық бағалау нәтижелері бойынша біршама артта қалуының бірден бір себебі – білім беру реформаларының жүйелі және жан-жақты ойластырылмауы, әрі осы салаға жеткілікті қаржы бөлінбеуінен деп пайымдайды. Сөйтіп білім беру және ғылымды дамытудың жаңа жолдарын нұсқайды.
Қазіргі дүниежүзілік ахуал біздің білім беру саламыздағы осал тұсымызды аңғартты. Қашықтықтан оқытуға көшу тәжірибесі кадрлар даярлаудағы кемшіліктерді меңзеп қана қоймай, педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі өзгерген жағдайда оқытудың осындай түрінің үлкен әлеуетін де айқындаған сыңайлы. Білім берудің кез келген реформасы білімнің сапасын түсірмеуі керек. Қашықтықтан оқытуға көшу арқылы, ең бастысы, педагогтік қызметтің маңыздылығы артты. Оны жалпы қоғам түсінді деп ойлаймын. Бұл орайда педагогтердің статусы мен кәсібилігі – білім беру сапасының маңызды факторы деп түйген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мәртебесін көтерудің өзектілігін тағы бір мәрте ескертіп өтті.
Президенттің елімізде қашықтықтан білім берудің жұмысқа қабілетті жүйесінің жоқтығын көрсетіп сынауы орынды. Өйткені карантин мен оқшаулау режиміне барлық білім беру жүйелерін бірден көшіру оңай боған жоқ. Соңғы үш айдың ішінде еліміздің ұстаздар қауымы көп жұмыс атқарды. Оқыту жүйесіне қатысты көзқарасымыз өзгеріп, бағытымыз айқындала бастады. Кетіп жатқан кемшіліктер, әлі де талдауды, пысықтауды қажет ететін мәселелер шаш етектен. Осы орайда мемлекет басшысы қашықтықтан оқыту мәселелерін заңнамалық, сондай-ақ әдіснамалық және ұйымдастырушылық деңгейлерде де жеделдетілген тәртіппен реттеу керектігін нақтылады. Мемлекет басшысы қашықтықтан оқытуға көшу кезінде ең маңызды құралдардың бірі – электрондық оқулықтарды сандық форматқа кезең-кезеңмен аудару жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте оқулықтардың сапасын қатты сынға алды. Президент оқулықтардың ғылыми-практикалық сараптамасы мен апробациясына қойылатын талаптардың түбегейлі өзгеру қажеттілігін көрсетті. Бұл міндетті ҚР Білім және ғылым министрлігіне тапсыра отырып, сапасыз әзірленген оқулық үшін жауаптылықты заңнамалық деңгейде сол оқулықтың құрастырушыларына бекітуді тапсырды. Оқулықтардың сапалық деңгейінің төмендігі туралы мәселе бұған дейін бірнеше рет көтеріліп, ашық айтылып жүргенімен, бұдан шыққан көңілге қонымды нәтиже жоқ. Айталық, бастауыш сынып оқулықтарын қарасақ, бейне бір ғалым даярлап жатқан секілдіміз. Бір ғана «Жаратылыстану» оқулығының өзіндегі термин сөздерді бастауыш сынып оқушысының жаттауы бір басқа, сол ұғымды түсінуіннің өзі қиынға соғады. Сондықтан мемлекет басшысының бұл мәселеге қатысты шешімін қолдай отырып, оқулық жазу, құрастыру кешенді түрде жоспарланып, жұмыс тобына педагогикалық колледж оқытушылары да тартылғаны дұрыс деп ойлаймын.
Ел президенті қозғаған тағы бір үлкен мәселе – ғылымды дамыту. Ғылымсыз сапалы білім беру мүмкін емес. Қазақстандық ғылымның озық дамуына назар тұрақты және кешенді болуы тиіс деген тұжырымды берік ұстанған Президент Қ.К. Тоқаев отандық ғылымды қолдаудың нақты тетіктерін әзірлеуді «Bіlіm jáne Gylym!» дәстүрлі тамыз конференциясының пленарлық отырысында-ақ айтқан болатын. Қазақстан Республикасының Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында бұл мәселе төңірегінде басты бағыттар нақтыланды. Байқауымызша, қазақстандық ғылымды дамыту, жетілдіру жүйесі қолға алынып, кешенді сұлбасы жобаланып келе жатқандай. Бұл қуантарлық жағдай. Ғылым кадрларын даярлау, докторанттардың, жас ғалымдардың жағдайын жасауға қатысты ұсыныстары жастардың ғылыммен айналысуына септігін тигізеді деген пікірдемін.
Президенттің ғылымды басқару жүйесін модернизациялау, ғылыми әлеуеттің сапасын арттыру, инновациялық жобалар мен технологияларды қаржыландыру және енгізу бойынша тапсырмалары ел экономикасының тиімділігін арттыруға қабілетті жаңа шешімдерді талап ететінін ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетов осыған дейін ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылау барысында айтып өткен болатын. Мұндай міндетті тек отандық ғылымды дамыту, ғылыми зерттеулер аясын кеңейту, заманауи инновациялық орталықтар құру секілді кешенді технологиялық шешімдер арқылы шешіледі. Осыған байланысты Президент қазақстандық ғылымның сандық экожүйесін құру және ұлттық ғылыми-талдау жүйесін, еліміздің ғалымдарының базасы жинақталған ғылыми дәйексөздің қазақстандық индексін құру сынды маңызды тетіктерді көрсетті. Бұл шаралар іске асырылатын болса, отандық ғылымның едәуір алға басатыны анық.
Ұлттық кеңес мүшелері алдындағы келелі жиында қарастырылған мәселелер жаңа бетбұрысты айқындағандай әсер қалдырды. Білім беру мен ғылым төңірегінде қордаланған көп мәселелердің шешімі табылады деген үміттеміз.

Рахым Арайлым Қайыргелдіқызы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары



Добавить комментарий



Включить данные в подпись
Жаңартылған күні: 30.05.2020 15:13
Құрылған күні: 30.05.2020 15:13

СоцСети

Ұйымдар тізімі
Текст