04.12.2020
Ұлы дала төсінде ұлттық құндылықтарымыздың ұлықталып, жас ұрпақты саналы да көзі ашық, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу көреген басшыдан бастау алады. Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Ахат Нұртас Ахатұлын да білгір басшы, ұлағаты мол ұстаз деп танимыз. «Басты қимыл – басшыдан» демекші «Әлем өзгеріп отырғандықтан білім беру жүйесі де жаңашылдықпен қарқынды даму керек» деген қағиданы берік ұстап, оқу орнының үздіктер қатарынан көрінуіне негіз бола білді. 2018-2020 жылдары, қатарынан үш жыл колледж техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін, сапалы мамандар даярлау деңгейін анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ өткізген рейтинг нәтижесінде гуманитарлық-экономикалық бағытта мамандар даярлайтын колледждер арасында (29 колледж) жоғары ұпай көрсетіп, І орынды иеленіп келеді.
Колледжіміздің оқытушысы Батанасова Бақытгүл Ерғалиқызы – саналы ғұмырын білім майданында аянбай қызмет етумен келе жатқан білікті маман. Педагогика пәнінің жоғары санатты оқытушысы, «Үздік педагог-2019» республикалық конкурсының гран при иегері, бірқатар оқулықтардың авторы. Ғылым, білімді өркендетудегі, саналы ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі лайықты бағасын алып келеді, биыл да Ақмола облысының құрметті педагогі атанды.