02.09.2024
2024 жылдың 29 тамыз күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде №1 педагогикалық кеңес өтті. Күн тәртібінде бірнеше бағыттағы мәселелер қарастырылды. Колледж ұжымы оқу орнына жаңадан келген оқытушылармен танысты. Сондай-ақ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Шарипова Салтанат Аманжолқызы мемлекеттік тапсырысты орындау бойынша атқарылған жұмыс нәтижелерінің есебін берді. Колледж директорының оқу ісі бойынша орынбасары Ілияс Данагүл Нұртайқызы 2024-2025 оқу жылында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын жүзеге асырудың және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Заманбекова Әлия Заманбекқызы «Біртұтас тәрбие бағдарламасына» негізделген құндылықтармен жұмыс істеудің тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар колледж директорының практика бойынша орынбасары Жоламанова Тойындық Молдағалиқызы жаңа оқу жылына арналған өндірістік оқыту және кәсіптік практика блогы бойынша кешенді білім бағдарламасымен таныстырды. Ал ғылыми-әдіснамалық жұмысы бойынша орынбасары Батанасова Бақытгүл Ерғалиқызы колледждегі ғылыми-әдістемелік және инновациялық жұмысты ұйымдастыру алгоритмдерін саралап, медиасауаттылығы жоғары педагогтің жаңа моделін қалыптастыру қажет екенін жеткізді. Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің орынбасары Смаилова Айгүл Тоқтауылқызы алған қойған мақсаттың бірнеше индикаторларын нақтылап берді. Кафедра оқытушылары тарапынан түскен ұсыныстар талқыланды. Директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Әлия Заманбекқызы «ТОЛЫҚ АДАМ» тұжырымдамасын педагогикалық ұжымға таныстырып, талқылауға ұсынды. Колледж оқытушыларының рейтингісі бойынша үздік оқытушылар марапатталды. Биылғы оқу жылы цифрландыруға бағытталғандықтан, «Информатика» кафедрасы оқытушыларының еңбегі бағаланып, алғыс хаттармен марапатталды. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, колледж директоры Ахат Нұртас Ахатұлының «Қазақтың ары» еңбегі «Abai baspasy» баспасынан басылып шығып, колледж ұжымына тарту етілді.