27.06.2024
2024 жылдың 25 маусым күні «Көкшетау» мәдениет сарайында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Түлектер маңызды күндерінде армандарына бір қадам жақындап, асыл мақсаттарының бір белесін бағындырды. Биылғы жылы 8 мамандық бойынша 284 түлек еліміздің ұстаздар қатарын толықтырғалы отыр. Айта кету керек, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі 2021-2022 оқу жылынан бастап «Логопедия» мамандығының «Логопед қолданбалы бакалавры» біліктілігі бойынша алғаш рет білім алушыларды дайындай бастады. Ал бүгінгі күні «Логопедия» мамандығын сәтті аяқтаған 13 түлек білікті мамандардың қатарын толықтырғалы отыр. Колледж директоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Ахат Нұртас Ахатұлы жас түлектерді маңызды сәттерімен құттықтап, биік белестерді бағындыратындықтарына сенімді екенін баса айтты. Сондай-ақ ұл-қызына саналы тәрбие беріп, адамгершіліктің дәнін еккен белсенді студенттердің ата-аналарына Алғыс хат тапсырылды. Колледж директорының оқу жұмысы бойынша орынбасары Ілияс Данагүл Нұртайқызы түлектерге сәт сапар тілеп, ізгі тілегін білдірсе, колледж директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары Жоламанова Тойындық Молдағалиқызы түлектердің біліктіліктеріне күмәнданбайтындығын жеткізді. Сонымен қатар Білім бейіні бойынша республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің орынбасары Батанасова Бақытгүл Ерғалиқызы жылы лебізін білдірді.
Жас мамандардың кәсіптік еңбек жолына сәт сапар, шын жүректен қажымас қайрат, талмас талап тілейміз! Әрқашан жолдарыңыз ашық болып, биік белестерді бағындыра беріңіздер!