06.11.2023
2023 жылдың 3 қараша күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің Логопедиялық ресурстық орталығында Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мен «Логопедия» мамандығының ІV курс студенттерімен «Педагогтың кәсіби имиджі» атты кәсіби даму алаңы өтті.
Кәсіби даму алаңында республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің орынбасары Батанасова Бақытгүл Ерғалиқызы Алғы сөзінде педагогтың кәсіби имиджінің ішкі және сыртқы факторларына тоқталды. Колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ілияс Данагүл Нұртайқызы қатысушы ІV курс студенттеріне қажетті нормативтік заңнамалары жайлы «Педагог» кәсіптік стандарты, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» моделі мен үлгілік оқу бағдарламасы жайлы саралап, кеңес берді.
Республикалық оқу әдістемелік бірлестігінің әдіскері Жазбаева Альмира Бақытбекқызы заманауи кәсіби педагогтың имиджін қалыптастыру үшін жан-жақты жұмыс жасауы керектігі; бала өмірінің көп бөлігі оларға білім ғана беріп қоймай, сонымен қатар оларды тәрбиелейтін және жеке тұлға ретінде қалыптастыратын мектепке дейінгі мекемелердің оқу тәрбие үрдісінде өтетіндігі жайлы, педагогтың кәсіби имиджіндегі басты құрал, оның дауысы, дауыс ырғағы, оны сабақта қолдана білуі, балалармен қарым-қатынас жасауда сөйлесе білу, дұрыс қарым-қатынас қалыптастыру педагог біліктілігінің басты көрсеткіші екендігіне аса назар аударылды.
Топтар өздерін бейнежазбалар, презентация, көріністер арқылы таныстырды.
Кәсіби даму алаңында ІV курс студенттерін 5 топқа бөліп, «Заманауи педагогтың кәсіби имиджі» тақырыбында педагог бейнесінің моделін жасады.
Модель жасау барысында кәсіби құзыреттіліктерді анықтау үшін нормативтік құқықтық актілерді қолданды, педагогтарға қойылатын талаптарды және педагог имиджінің үлгілерін атап көрсетті.
Осы практикалық жұмыстар бойынша әр топ өз моделдерін презентациялады.
Ұйымдастырылған жұмыстар бойынша рефлексиялық қорытынды жасалды.
Кәсіби алаң бөлім меңгерушісі және топ жетекшілерінің пікірімен қорытындыланды.