30.10.2023
2023 жылдың 27 қазан күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде І курс студенттерін студент қатарына қабылдау кеші өтті. Іс-шара барысында биылғы оқу жылы биік белестер мен жүлделі орындардан бастау алғаны аталып өтілді. Директордың оқу жұмысы бойынша орынбасары Ілияс Данагүл Нұртайқызы І курс студенттеріне студенттік билеттерді табыстай отырып, ыстық лебізді құттықтау сөзін арнады. Ал колледж директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары Жоламанова Тойындық Молдағалиқызы студенттерге ақ тілегін арнап, оқу секторларына білім кілтін табыстады. І курс студенттерінің арасында топтармен танысу мақсатында «Менің тобым және мен таңдаған мамандық» атта бейнероликтер байқауы өткізілген болатын. Осы орайда, сайыс жеңімпаздарын директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Заманбекова Әлия Заманбекқызы марапаттап, студенттер қауымына сәттілік, биік жетістіктер тіледі. Осындай маңызды кеште І курс студенттері колледждің өркендеуіне үлес қосып, үздік студент болуға ант етті. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда колледжімізде жастардың табысты әлеуметтенуі үшін Студенттер Парламенті жұмыс атқарады. Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен ережесіне сай жыл сайын колледжде Студенттер Паламентінің Президенті сайланып отырады. Қыркүйек-қазан айларында колледжіміздің қабырғасында өткізілген сайлауға 9 үміткер өз кандидатурасын ұсынған болатын. Нәтижесінде «Логопедия» мамандығының ІІІ курс студенті Хумар Гүлфаруза Студенттер Парламентінің Президенті атанды. Арнайы төсбелгіні 2022-2023 оқу жылында Студенттер Парламентінің Президенті болған «Филология» бөлімінің ІV курс студенті Хусман Гүлданаға табыс етті. І курс студенттері үшін ұйымдастырылған маңызды іс-шарада әуелеген ән де, мың бұралған би де болды. Салтанатты кеш қызықты, әрі ерекше өтті.