11.04.2023
2023 жылдың 10 сәуір күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Педагогика, психология және жеке пәндер әдістемесі» кафедрасының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік Ғылым күніне орай жоспарланған іс-шаралар аясында PhD докторанттармен «Ғылымдар сыры» атты ғылыми вебинар өтті.
Негізгі мақсат – студенттердің ғылыми жұмыс талаптарын сақтай отырып, ғылыми-іскерлік дағдыларын қалыптастыру, оқытушылардың ғылыми әлеуетін көтеруге перспективалық бағыт беру.
Колледж директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі Ахат Нұртас Ахатұлы қатысушыларды келе жатқан атаулы күнмен құттықтап, ғылымның адам өмірінде алатын орнын, кемелденудің маңызын атап өтті.
Вебинар барысында колледждің «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бөлімдерінің және «Бастауыш мектеп» бөлімдерінің ІV курс студенттері Сейітмұхамет С.Б., Байдүйсен А.С., Макулова С.Е. «Ғылым туралы жалпы түсінік» және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бөлімінің арнайы пәндер оқытушысы Кравченко Анастасия Петровна «Академиялық бакалавриат жүйесінде дипломдық жұмыс жазу талаптары мен ерекшеліктері» тақырыптарындағы баяндамаларын оқып, студенттердің алғашқы ғылыми жұмыстары және академиялық бакалавриат жүйесінде жазылатын дипломдық жұмыстар жайлы тәжірибелерімен бөлісті.
Колледждің PhD докторанттары Батанасова Бақытгүл Ерғалиқызы мен Рақымжан Оралсын Қалиқайдарқызы «Ғылыми метрикалық көрсеткіш – кәсіби маман даярлаудың негізі», «SCOPUS» мәліметтер базасын қолданудың мүмкіндікдері» тақырыптарындағы баяндамаларын оқып, ғылыми іздену жұмыстары негізінде маңызды ақпараттарды тарқатып айтты.
Қазіргі таңда оқулық жазу – ең өзекті мәселелердің бірі. Осыған байланысты директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Жоламанова Тойындық Молдағалиқызы «Оқулық жазуға қойылатын талаптар» тақырыбындағы баяндамасын оқып, оқулық жазудың қыр-сырымен бөлісіп, вебинар қатысушыларына оқулық жазудың әдістемелік нұсқаулығын таратты.
Вебинардың соңында «Диалог алаңы» ұйымдастырылып, PhD докторанттар Рақымжан Оралсын Қалиқайдарқызы мен Батанасова Бақытгүл Ерғалиқызынан оқытушылар мен студенттер өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша «PhD докторантура практикасының басқа тәжірибелерден айырмашылығы неде?», «Докторлық диссертацияны қорғауға дейінгі құжаттамалар жүйесінің бірізділігі бар ма?» т.б. сынды сұрақтарына мазмұнды жауаптар алынды.
Вебинар соңында колледж директоры Ахат Нұртас Ахатұлы қатысушыларға сертификаттар табыс етіп, ғылым кеңістігін бағындыруға ерік-жігер берді.