14.11.2022
2022 жылдың 11 қараша күні «Көкшетау» мәдениет сарайында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің І курс студенттерін студент қатарына қабылдау кеші өтті. Ауқымды іс-шарада биылғы оқу жылының сәтті қадаммен, жүлделі орындармен бастау алғаны аталып өтілді. Колледж директорының оқу жұмысы бойынша орынбасары Рақымжан Әсел Қайроллақызы І курс студенттерін маңызды сәтпен ерекше құттықтап, білім алушыларға студенттік билеттерін табыс етті. Сонымен қатар колледж директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары Жоламанова Тойындық Молдағалиқызы студенттерге жылы лебізін білдіріп, оқу секторларына білімнің кілтін табыстады. Колледжде І курс топтарының арасында топтармен танысу мақсатында «Менің тобым және мен таңдаған мамандық» атты бейнероликтер байқауы өткізілген болатын. Осыған орай, сайыс жеңімпаздарын директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Ілияс Данагүл Нұртайқызы марапаттап, ақ жол тіледі. І курс студенттері маңызды кеште үздік студент болуға ант етті. Естеріңізге сала кетейік, Білім министрлігінің бекітілген ережесі бойынша жыл сайын Студенттер Парламентінің жаңа ПРЕЗИДЕНТІ сайланып отырады. Қазан-қараша айларының аралығында өткізілген Студенттер парламентінің Президентіне колледжден 6 үміткер өз кандидатурасын ұсынған болатын. Кеш қонағы Жастар ресурстық орталығының басшысы Есекеева Мәнсия Мұхтарқызы Студенттер парламентінің Президенті атанған «Филология» бөлімінің ІІІ курс студенті Хусман Гүлдана Кадирбекқызына арнайы төсбелгі табыс етті. Іс-шарада әуелеген ән де, мың бұралған би де, қызықты ойындар да көрініс тапты.