АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ
ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ
2022 жылдың 1 қазан күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде Ұстаздар күніне арналған «ТҰЛҒАҢ БИІК, ЖҮРЕГІҢ ДАРХАН ҰЛЫ ҰСТАЗ» мерекелік салтанат өтті. Кәсіби төл мерекемен қатар келген асыл қазыналардың мейрамы Қарттар күні де назардан тыс қалмады. Іс-шараға колледж қабырғасында ерен еңбек еткен ардагер ұстаздар арнайы шақыртылып, сыйлы қонақ болып қайтты. Ардақтылар, ең алдымен, «АБАЙ АЛАҢЫ» архитектуралық-композициясында ұлы Абайға тағзым етсе, кейін оқу орнына экскурсия жасады. Салтанатты кеште білім беру мекемесінің басты жетістіктері тілге тиек етілді. Мерекелік іс-шарада әуелеген ән де, мың бұралған би де, рухты оятатын аспаптардың үні де болды.
Өнегелі өмір соқпағында ұстаз деген ардақты атты абыроймен арқалап келген сыйластық пен мейірбандықтың ұлағатын паш етуші ардагер-ұстаздар Әубәкірова Дариға Қарипенқызы, Нұрғалиева Ақмарал Хамитқызы, Маликова Балкен Рашитқызы мерейлі 70 жасқа толып отыр. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы мерейтой иелерін құттықтап, жүрек жарды лебізін білдірді.
Облыс әкімі Маржықпаев Ермек Боранбайұлының қатысуымен өткен ұстаздар күніне арналған облыстық мерекелік салтанатта Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі «Педагогика, психология және жеке пәндер әдістемесі» кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер Төлеген Өмірбек Шаймұратұлы «Педагогтің кәсіби міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» төсбелгісімен, қосымша 2 миллион 450 мың теңгелік сертификатпен марапатталса, колледж директорының оқу жұмысы бойынша орынбасары, PhD докторы Рақымжан Әсел Қайроллақызы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін иеленді. Жоғары марапатқа ие болған ұстаздарды колледж директоры ерекше құттықтап, бұл жетістіктердің бастамасы екендігін айтты. Сондай-ақ колледж оқытушылары директордың Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен, Ақмола облысы Білім басқармасының Алғыс хатымен, Қазақстандық салалық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Астана қаласы мен Ақмола облыстық ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды.