АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ

ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

Ұлт кемеңгері А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «АЛАШТЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ» атты рухани-танымдық концерті

24.05.2022

2022 жылдың 20 мамыр күні Bolashaq saraiy-нда «АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТАҒЫЛЫМЫ: ІЗДЕНІС, ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ПЕРСПЕКТИВА» республикалық ғылыми-практикалық конференцияның ұйымдастырылуына орай Ұлт кемеңгері А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «АЛАШТЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ» атты рухани-танымдық концерті өтті. Онда Біржан сал мен Ақан серінің әнін асқақтатқан, ән мен жырдың киелі мекені саналған Арқаның әндерімен көмкерілген «Ән шашу» шашылып, қазақтың қанын қуалаған бүлкілді тап басатын аспаптың төресі сыбызғымен ҰЛЫ Абайдың «Көзімнің қарасы» ойналды. «Самғау» студенттердің біріккен хоры да, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі музыка пәнінің оқытушысы, халықаралық конкурстардың лауреаты Салтанат Әбдірахманова да өз өнерлерімен көрерменнің жүрегін жаулады. Ұлы даланың дәстүрі мен салтын келер ұрпаққа жеткізер  «Жастардың» биі де кешке әсем серпіліс берді. Қазақтың рухани көсемі, ұлттың шамшырағы Ахмет Байтұрсынұлының артында қалған мол рухани қазынаның бір парасы – әндері. Ұлы Ұстаздың «Екі жирен» әнімен колледж оқытушылары Нұрқан Медет пен Жүніс Ұлтай тыңдарманның жүрегін дүр сілкіндірді. «Шабыт» домбырашылар ансамблі халық күйі «Көк  дөненді» күмбірлетсе, «Этюд» баянистер ансамблі күйге ерекше реңк берді. Сондай-ақ «Назерке» халықтық-камералық хоры Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлысын» әуелетсе, Шәмші Қалдаяқовтың «Қаракөз» әні көңілге жылу ұялатты. «Қоңыр қаз» дуэті наркескен ер, игі істердің ұйытқысы болған Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, драматург Төлеген Қажыбайдың сөзіне жазылған «Әгугай, домбыра»  әнін шырқап, қазақылықтың иісін аңқытты. «Көксеңгір» ұлт-аспаптар ансамблі «Аққу» күйін күмбірлетсе, «Аруназ» квинтеті «Қазағым-ай» әнімен жүректі жаулады. Салтанат Әбдірахманова мен Ұлтай Нұрадинқызы «Бұлбұл» әнімен кешті қыздырса, Халық әні «16 қызды» кеш қонақтары қосыла орындады. «Мерей» би ансамблі «Сезім сырын» бимен жеткізсе, «Жас дәурен» квинтеті «Отан» әні көрерменге рухты жалын сыйлады. «Самғау» студенттердің біріккен хоры Ақын Жамбыл Дүйсенұлының сөзіне жазылған «Қазақтың бақ жұлдызы – Ахмет!» әнімен кештің нүктесін қойды. Айта кету керек, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің ардагер ұстазы, Қазақстан Республикасы Композиторлар Одағының мүшесі Құрмет Сақай хорға өңдеген әсем ән сахнада тұңғыш рет орындалды.

Просмотров: 212


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

СоцСети

Ұйымдар тізімі
Текст