АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ
ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ
Колледж және шағын жинақталған мектептер сабақтастығы
Егемен елімізде шағын жинақталған мектептер санының тұрақты ағымы бел алып келеді. Республикамыздың барлық өңірлерінде шағын жинақталған бастауыш, негізгі және орта мектеп сияқты түрлері бар. Шағын жинақталған мектеп мұғалімінің алдындағы негізгі педагогикалық мақсат – бағдарлама мен мектеп белгілеген жоспарды орындап шығу.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі ұжымының шағын жинақты мектептерді педагогикалық, ғылыми-әдістемелік қолдау жұмыстарын өзара әрекеттестікте жетілдіру бойынша 2018-2019 оқу жылына қойылған міндеттері: шағын жинақты мектеп оқушыларының психологиялық, физиологиялық даму ерекшеліктерін зерттеу, психологиялық қолдау көрсету; оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуді жетілдіру. Колледжімізде шағын жинақталған мектептермен сабақтастық, әдістемелік көмек беру – кешенді білім бағдарламасына енгізілді. Міне, осы мәселенің аз да болса шешімін табу мақсатында 2016-2017 оқу жылы Зеренді ауданы, Айдарлы негізгі мектебі, 2017-2018 оқу жылы Зеренді ауданы, Қошқарбай негізгі мектебі, 2018-2019 оқу жылы Бурабай ауданы, Жасыл ауылының негізгі мектебімен жоспарлы түрде меморандум 2 жылға жасалып, жоспарлар әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде.
2019 жылдың 25 қаңтар күні Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Жасыл ауылының негізгі мектебінде «Шағын жинақталған мектеп: білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқу-тәрбие үдерісінің сапасын жақсарту» атты колледж әдіскерлері тарапынан әдістемелік семинар-практикум өткізілді. Семинар-практикумның пікірталас бөлімінде колледж директоры Н.Ахат шағын жинақты мектеп мәселелері туралы сөз қозғады. «Технология және оқыту әдістемесі» пәнінің жоғары санатты оқытушысы Г.Қ.Әміржанова, «Көркем еңбек және оқыту әдістемесі» пәнінің жоғары санатты оқытушысы Б.Ж.Бегалин, «Ағылшын тілі және оқыту әдістемесі» пәнінің оқытушысы, жас маман, колледжіміздің түлегі Р.З.Қожахметова өз пәндері бойынша үлгі сабақтар өткізіп, мектеп мұғалімдерімен тәжірибе бөлісті. Сонымен бірге, «Математиканы оқыту әдістемесі» пәнінің жоғары санатты оқытушысы Ө.Ш. Төлеген өз пәні бойынша 4-курстың студенті А.Сабырованы дайындап, үлгі сабақтарын өткізді. Шеберлік сыныптарынан кейін екі ұжымның оқытушылары шеберлік сыныптарынан алған әсерлерімен бөлісіп, алдағы жұмыстың жоспарларын талқылады. Аталған мектептерде біздің оқу орнымыздың филология, информатика, бастауыш білім беру, ағылшын бөлімінің түлектері жұмыс жасайды.
Оқу орнымызда 0105000 «Бастауыш білім беру» мамандығының 0105013 «Бастауыш білім беру мұғалімі» біліктілігі бойынша мамандар даярланады. Бастауыш мектеп бөлімінде оқу жоспарына сәйкес «Шағын жинақталған мектепте оқу-үрдісін ұйымдастыру» пәні жүргізіледі, 60 сағат бөлінген. Шағын жинақты мектеп мұғалімі тұлғасының қалыптасуына педагогикалық практика кезінде атқаратын жұмыстар мен сол жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу әдістері үлкен әсер етеді. «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша Зеренді ауданы, Айдарлы, Қошқарбай негізгі мектептерінде студенттеріміз Г.Нугманова, З.Махмет, Г.Изахметова «Байқау практикасын» өтті.
Болашақ маман әрбір жеке пәннің әдістемесін ғана емес, бұл үлгідегі мектептің тұтас жүйесін, педагогикалық мақсатын, міндетін, мазмұнын, түрін, оқытудың жаңа әдістерін және тәрбие жүйесін біртұтас қабылдап меңгеруі тиіс. Биылғы оқу жылында барлық мамандықтар бойынша 267 түлек аяқтайды. Жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде колледж тарапынан бітіруші топтарға арнайы курстар, семинарлар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда түлектеріміз барлық аудан, ауыл мектептерінде өз еңбектерін бастап, қызмет атқаруда.
Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі осы бағыттағы қызметін өз деңгейінде атқарып келеді. Осындай тәжірибе алмасу аясында бұл сабақтастық одан әрі жалғасын таба бермек.
Мукушева Каракоз Сериковна
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі,
Көкшетау қ. Директордың практика жұмысы бойынша орынбасары