24.12.2021
2021 жылдың 24 желтоқсан күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде № 2 қамқоршылық кеңес өтті. Ресми бөлімінде колледждің қаржылық-шаруашылық жұмыстарының қорытындысы және 2022 жылға арналған міндеттер туралы Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы ақпарат берді. Қамқоршылық кеңесте «BOLASHAQ SARAIY»-ның директоры, қамқоршылық кеңес құрамының төрайымы Балташева Айнагүл Қадырбаевна мен Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенова Ботагөз Балапайқызы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жүйесінде республика көлемінде білім беру саласында колледж ерекше орынға ие екенін айтып, ұжымның еңбегіне зор баға берді. Қамқоршылық кеңес отырысының қорытындысы жарияланып, кеңес қаулысы бекітілді. 2021 жыл қорытындысының нәтижесі бойынша және Жаңа жыл мерекесіне орай колледждің оқу-әдістемелік, ғылыми бағыттағы жұмыстарына белсене қатысып жүрген студенттер арнайы номинациялармен марапатталып, ақшалай сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ колледждің оқу-әдістемелік, ғылыми бағыттағы жұмыстарына белсене қатысып жүрген оқытушылар марапатталды. Білім саласын жетілдірудегі және ұйымдастырудағы білім беру мен тәрбиелеу бағдарламаларын жүзеге асырудағы елеулі еңбегі үшін бірегей ұстаздар облыс әкімінің атынан алғыс хатқа ие болды. Республика деңгейінде колледж абыройын асқақтатып «WorldSkills Kazakhstan – 2021» VІ Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының жүлдегерлері және «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» конкурсының жеңімпаздары марапатталып, ақшалай сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына сай жоғары білім сапасын көрсеткен және «Колледждің үздік студенті» жобасында жеңіске жеткені үшін «Үздік студент – 2021» номинациясын иеленген студенттер де назардан тыс қалмады. Көкшетау қаласы білім бөлімінің «Сәкен Жүнісов атындағы № 18 орта мектеп-лицейінің» директоры, қамқоршылық кеңесінің мүшесі Сәрсембаева Баян Вахитқызы, Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт, басқармасының «Облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің № 1 балалар мен жасөспірімдер мектебінің» директоры, қамқоршылық кеңесінің мүшесі Усин Мұхтар Қадырбекұлы және Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, қамқоршылық кеңес мүшесі Оспанов Қуаныш Ерғалиұлы 2021 жыл қорытындысының нәтижесі бойынша колледждің оқу-әдістемелік, ғылыми және қоғамдық-мәдени бағыттағы жұмыстарына белсене қатысып жүрген студенттерді марапаттап, арнайы номинацияларды тапсырды. Қамқоршылық кеңестің төрайымы, «Болашақ» сарайының директоры Балташева Айнагүл Қыдырбайқызы 2021 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік білім стандартын игеріп, колледждің абыройын көтеру жолындағы жемісті еңбектері үшін және Жаңа жыл мерекесіне орай оқытушыларға арнайы номинацияларды табыстады. Колледж директоры Ахат Нұртас Ахатұлы Болашақ мамандарды даярлауда кәсіби бағыт-бағдар беріп, шығармашылық, ізденімпаздық қасиеттерін дарытып, кәсіби мәдениеттерін жетілдіру бағытында колледж ұжымымен бірлесе атқарған еңбектері үшін әлеуметтік серіктестіктерді және 2021 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік білім стандартын игеріп, колледждің абыройын көтеру жолындағы жемісті еңбектері үшін оқытушылар мен қызметкерлерге Алғыс хат және арнайы номинацияларды табыстады. Білім беру жүйесіндегі адал жұмыс атқарғаны және кәсіби қызметте қол жеткізген нәтижелері үшін «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестік төрағасының Құрмет грамотасымен оқытушылар мен қызметкерлер де марапатталды. Сондай-ақ Ақмола облысының техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру педагогтері арасындағы «Үздік бейнесабақтар» фестивалінің жеңімпаздары Ақмола облысы білім басқармасының облыстық оқу-әдістемелік кабинеті директорының арнайы Дипломына ие болды. Қамқоршылық кеңес соңы концерттік бағдарламаға ұласты.