20.10.2021
«Jas sarbaz» облыстық әскери-патриоттық лагері 3 күн бойы әскери-далалық жағдайда түрлі шара өткізді. Оған Ақмола облысының түкпір-түкпірінен жиналған 30 шақты ерікті қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – еліміздің Қарулы Күштері қатарында қызмет етуге және Отанды қорғауға дайын білімді, жоғары азаматтық және патриоттық тұлғаны қалыптастыру. Колледж жанындағы әскери-патриоттық клуб мүшелерінің бойында осы қасиеттерді арттыру аса маңызды. Патриоттық сезімді насихаттайтын іс-шараны Ақмола облысының жастар ресурстық орталығы және «Jas sarbaz» балалар-жасөспірімдер патриоттық қозғалысы ұйымдастырды. Қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарысқа түсті.
Іс-шараға Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Оқу орнындағы «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының ІІІ курс студенті Камархан Жетпіс «IQ Kazakhstan» интеллектуалдық-зияткерлік ойынында жүлделі ІІ орынды иеленіп, әскери-патриоттық лагерінде белсенді қатысқаны үшін сертификат табыс етілді. Сондай-ақ колледждегі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Жабагин Тілектес Есенжолұлы да сертификат иегері атанды.