28.08.2021
Ағымдағы жылдың 27 тамызында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Білімді ұлт: тәжірибе және кәсіби дағдылар» тақырыбында дәстүрлі педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Педагогикалық кеңестің бірінші бөлімінде №105 «Психология және өзін-өзі тану» дәрісханасы, №108 «Логопедия ресурстық орталығының» салтанатты түрде тұсауы кесілді.
Жаңа форматта жабдықталған №105 дәрісхананың мүмкіндіктері таныстырылды. Дәрісханада студенттердің өзін еркін ұстауына, сын тұрғысынан ойлауына жағдай жасалған. Сабақ барысында эмоциялық еріктік бағыттағы тренингтер, тактилді психотерапия, арт, музыка терапия секілді жұмыстар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Дәрісхананың мүмкіндігін іс жүзінде дәлелдеу мақсатында дәрісхана меңгерушісі Д.Н.Сейтбаттал, өзін-өзі тану пәнінің оқытушысы Б.Б.Секенова «Бүгін мен...», «Рефлексия», «Өзіме де, көршіме де» атты тренингтер өткізді.
«Логопед қолданбалы бакалавры» біліктілігін дамыту мақсатында №108 «Логопедия ресурстық орталығы» ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – студенттерге логопедиялық жұмыс түрлері және оны қолдану барысындағы негізгі әдіс-тәсіл түрлерін меңгерту. Ресурстық орталықта студенттерге практикалық жұмыстар ұйымдастырумен қатар республикалық, облыстық, қалалық семинар-практикумдар өткізіледі. Логопедия пәнінің оқытушысы Мейрамгүл Құрметқызы оқытушылармен бірлесе мастер-класс көрсетті.
Педагогикалық кеңестің пленарлық отырысында педагогикалық кеңес модераторы, колледж директоры Ахат Нұртас Ахатұлы ұжымды жаңа оқу жылымен құттықтады. Педагогикалық ұжымға жаңадан қабылданған оқытушылар құрамы таныстырылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Т.Н.Лекер мемлекеттік тапсырыс бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері есебімен таныстырды.
«2021-2022 оқу жылына арналған колледждің кешенді білім бағдарламасы» бойынша директордың оқу жұмысы бойынша орынбасары Ә.Рақымжан, директордың тәрбие жұмысы бойынша Д.Ілияс, директордың практика жұмысы бойынша орынбасары Қ.Мұқышева, директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары Б.Батанасова өзекті мәселелерді көтере отырып сөз сөйледі.
Педагогикалық кеңеске ұсынылған мәселелер бойынша талқылау жүргізіліп, тиісті қаулы қабылданды.
Тамыз педагогикалық кеңесі оқытушыларды марапаттау салтанатымен аяқталды.