«МЕНТОРЛЫҚ МӘДЕНИЕТ: ТҮЛЕК ПЕН СТУДЕНТ САБАҚТАСТЫҒЫ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР-ПРАКТИКУМ
30.10.2026
2026 жылғы 29 қазанда Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде филология бөлімінің ұйымдастыруымен «Менторлық мәдениет: түлек пен студент сабақтастығы» тақырыбында республикалық семинар-практикум өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – филология бөлімінің түлектері мен оқытушылары арасындағы кәсіби сабақтастықты нығайту, педагогикалық тәжірибе алмасу, жас мамандарға әдістемелік қолдау көрсету және менторлық мәдениетті дамыту.
Семинар-практикумға Астана қаласы, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының білім беру ұйымдарында қызмет атқарып жүрген колледж түлектері, педагогтер мен филология бөлімінің студенттері қатысты.
Іс-шара «Жылы лебіз – жарқын кездесу» атты қарсы алу тренингімен басталып, колледж директоры Меңдігүл Жабайқызы Елеушованың алғы сөзімен жалғасты.
Семинар барысында педагогтер өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, білім берудегі заманауи әдіс-тәсілдер мен инновациялық технологияларды қолданудың тиімді жолдарын ұсынды.
Атап айтқанда:
- Нурмухаметов Арман Нурланович (2016 жылғы түлек) – «Scrum технологиясы арқылы оқушылардың білім сапасын көтеру» тақырыбында баяндама жасады.
- Байсеитова Жансая Жангелдіқызы (2018 жылғы түлек) – оқу мақсаттарына сәйкес тапсырмалар құрастыру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға тапсырмаларды саралау жолдарын таныстырды.
- Искаков Тілеген Жанботаұлы (2018 жылғы түлек) – қазақ тілі сабақтарында интерактивті платформаларды қолдану тәжірибесімен бөлісті.
- Базылбекова Мадина Қуанышевна (2023 жылғы түлек) – қазақ тілі сабағында жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдарын көрсетті.
- Сейсенбай Еркегуль (2023 жылғы түлек) – заманауи филолог-мұғалімнің кәсіби тәжірибесі мен теорияны практикамен ұштастыру мәселелеріне тоқталды.
- Атығай Аружан Сағынғалиқызы (2023 жылғы түлек) – «Сен де бір кірпіш дүниеге…» тақырыбында баяндама ұсынды.
- Кулешова Дана Варысовна (2024 жылғы түлек) – жас мұғалімнің алғашқы кәсіби қадамдары, кездесетін қиындықтары мен сенімділікті қалыптастыру жолдары туралы ой бөлісті.
Сонымен қатар Силам Айдана Ашимбекқызы (2025 жылғы түлек) «Жасанды интеллект және қазақ тілі: жаңа мүмкіндіктер», Тұрқай Кенжегүл Қаирболдықызы (2025 жылғы түлек) «Астана төріндегі EXPO. Неологизм, термин, кәсіби және диалект сөздер» тақырыптарында шеберлік сыныптарын өткізді.
Іс-шара аясында тіл және әдебиет кафедрасының оқытушысы Капарова Мөлдір Есенгелдіқызы «Менторлық көпір: тәжірибеден – табысқа» тренингін ұйымдастырып, қатысушылар арасында кәсіби байланыс пен өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасады.
Семинардың көркемдік бөлігінде «Ақ қауырсын» поэзия клубының «Ұстаз ұлылығы – ұрпаққа ұлағат» атты жыр-шашуы ұсынылды.
Ал Бақыт Арайлым Аманжолқызының ұйымдастыруымен өткен «Шабытқа толы жүрек» кері байланысы қатысушылардың семинардан алған әсерлері мен жүрекжарды тілектерін ортаға салуға арналды.
Іс-шара соңында «Еркін микрофон» алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Кәсіби тәжірибесімен бөліскен педагогтерге сертификаттар табысталды.
Республикалық семинар-практикум ұстаз бен түлек арасындағы сабақтастықты нығайтып, кәсіби ынтымақтастықты арттыруға және педагогикалық тәжірибені өзара байытуға бағытталған маңызды алаң болды.
#МенторлықМәдениет #ТүлекПенСтудент #РеспубликалықСеминар #ФилологияБөлімі #Көкшетау #ЖМусинКолледжі #ТәжірибеАлмасу