«ШАТТЫҚ ШЫРАҒЫ: Ізгі тілек, әсем ән, ғажайып көңіл күй!»
30.09.2026
2026 жылғы 29 қыркүйек күні Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде Ұстаздар күні қарсаңында «ШАТТЫҚ ШЫРАҒЫ: Ізгі тілек, әсем ән, ғажайып көңіл күй!» атты мерекелік концерт өтті.
Іс-шараның мақсаты – ұстаз мамандығының мәртебесін арттыру, ұстаздарға құрмет көрсету және әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастықты нығайту.
Мерекелік кешке әлеуметтік серіктестікті нығайту, мерекемен құттықтау және алдағы бірлескен жұмысты жоспарлау мақсатында 35 мектеп пен балабақшаның басшылары шақырылды.
Салтанатты бөлімде колледждің 2025-2026 оқу жылындағы толағай табыстары атап өтілді. Құттықтау сөз Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Елеушова Меңдігүл Жабайқызына және директордың практика жұмысы жөніндегі орынбасары Жоламанова Тойындық Молдағалиқызына берілді. Колледжбен тығыз байланыс орнатып, болашақ педагогтердің кәсіби қалыптасуына қолдау көрсетіп, тәжірибелік алаң ұсынып келе жатқан серіктес ұйым басшыларына Алғыс хаттар табысталды.
Сонымен қатар екі білім беру ұйымы арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Көкшетау қаласының техникалық мектеп-лицейі» КММ директоры Айнышева Миргүл Жұмабайқызы мен колледж директоры Елеушова Меңдігүл Жабайқызы арасында меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Іс-шара ұстаздарға мерекелік көңіл күй сыйлап, колледж бен әлеуметтік серіктестер арасындағы өзара байланысты одан әрі нығайта түсті.