«LOGOKIDS» КАБИНЕТІНІҢ АШЫЛУЫ ЖӘНЕ «ЛОГОПЕДИЯ» ОҚУЛЫҒЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

29.09.2026

2026 жылғы 29 қыркүйекте Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде балалардың сөйлеу тілін дамытуға арналған «LOGOKIDS» логопедиялық кабинетінің салтанатты ашылуы және қазақ тілінде әзірленген «Логопедия» оқулығының тұсаукесері өтті.

Аталған екі бастама балаларға логопедиялық қолдау көрсету мен болашақ мамандарды даярлаудың оқу-әдістемелік және практикалық негізін нығайтуға бағытталған.
Жаңа кабинеттің лентасын қию құрметі Ақмола облысының білім басқармасының басшысы Қошанова Айгерім Болатқызына, Ақмола облысында инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі Үйлестіру кеңесінің төрағасы, саяси ғылымдарының кандидаты Ибраев Марат Өмірбайұлына және колледж директоры Елеушова Меңдігүл Жабайқызына берілді.
«LOGOKIDS» – балалардың дыбыстарды дұрыс айтуын қалыптастыруға, сөздік қорын молайтуға, байланыстырып сөйлеу дағдыларын жетілдіруге және түзете-дамыту жұмыстарын ұйымдастыруға арналған арнайы кеңістік.
Кабинет интерактивті құм құралымен, интерактивті еденмен, ақылды айнамен және «Алма» интерактивті айнасымен жабдықталған. Заманауи құралдар ойын мен жаттығуды ұштастыра отырып, балалардың сабаққа қызығушылығын арттыруға, сөйлеу, танымдық және қимыл-қозғалыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Кабинетте білікті логопед-дефектолог мамандар Жусупова Роза Кардонбаевна мен Искакова Бахыт Жарматайқызы жұмыс жүргізеді.

Жаңа кеңістік балаларға сапалы логопедиялық қолдау көрсетумен қатар, колледж білім алушыларының заманауи түзете-дамыту әдістерін меңгеруіне және кәсіби-практикалық дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндік береді.
Салтанатты іс-шара аясында болашақ мамандарға арналған «Логопедия» оқулығының тұсаукесері де ұйымдастырылды.
Қазақ тілінде әзірленген оқу құралының авторлары – колледж директорының республикалық оқу-әдістемелік бірлестік жұмысы бойынша орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі Смаилова Айгүл Тоқтауылқызы және арнайы пәндер оқытушысы, логопед-дефектолог Искакова Бахыт Жарматайқызы.
Оқулық мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың сөйлеу тілін дамыту, сөйлеу бұзылыстарының алдын алу және түзету жұмыстарының ғылыми-әдістемелік негіздерін меңгеруге бағытталған. Жаңа еңбек болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, теориялық білімдерін тәжірибеде тиімді қолдануына мүмкіндік береді.
Оқулықтың тұсауын Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бас маманы Жанәділ Анар Базарқызы және Ақмола облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту орталығының басшысы Ибраев Нартай Ерназарұлы кесті.
Шара барысында оқулық авторларына ізгі тілектер айтылып, қазақ тілінде жарық көрген жаңа оқу құралының болашақ логопед мамандарды даярлаудағы маңызы атап өтілді.
«LOGOKIDS» кабинетінің ашылуы мен «Логопедия» оқулығының жарық көруі – колледждегі білім мен тәжірибенің сабақтастығын нығайтатын маңызды қадам. Жаңа кабинет пен оқу құралы балалардың сөйлеу тілін дамытуға, түзете-дамыту жұмыстарын жетілдіруге және кәсіби білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер береді.

Просмотров: 831


Пікір қосу



Деректерді қолтаңбаға қосу