КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ – БОЛАШАҒЫ БЕРІК ҰЛТ!
29.09.2026
2026 жылғы 28 қыркүйекте Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында «Қалам мен ой: қара сөз жазудың қыр-сырлары» тақырыбында мазмұнды воркшоп өтті.
Шараның арнайы қонағы – қаламгер, журналист, «Белсенді ұзақ өмір» орталығының директоры Бақыт Смағұл. Кездесудің басты мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін дәріптеу, тұрақты оқырмандық дағды қалыптастыру, көркем әдебиетке қызығушылықты арттыру және кітапты тұлғалық әрі зияткерлік дамудың маңызды құралы ретінде насихаттау.
«Кітап оқитын ұлт» бастамасы – кітап оқуды тек бос уақытты тиімді өткізудің тәсілі ретінде емес, ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыратын, рухани құндылықтарды сабақтастыратын және саналы ұрпақ қалыптастыратын мәдениет ретінде орнықтыруға бағытталған. Кітаппен дос болған жас өз ойын саралауға, ақпаратты талдауға, сөздің мәнін түсінуге және көзқарасын сауатты жеткізуге үйренеді. Сондықтан жастар арасында кітап оқу культін қалыптастыру – білімді әрі ойлы қоғам құрудың маңызды алғышарттарының бірі.
Воркшоп барысында Бақыт Смағұл кітап пен қаламның өзара сабақтастығына тоқталып, көп оқудың ойлау мен жазу мәдениетіне әсері, оқылған дүниеден ой түю, сөздік қорды байыту, әдеби талғамды қалыптастыру туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Студенттер де кітап оқу, әдебиет және шығармашылық төңірегінде пікір алмасып, көкейдегі сауалдарын қойды.
Осындай кездесулер жастардың кітапқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, колледжде оқырмандық ортаны дамытуға, кітап оқу дәстүрін нығайтуға және кітап оқуды жастар өмірінің тұрақты мәдени дағдысына айналдыруға ықпал етеді.
#КітапОқитынКолледж #АдалАзамат #ЖМусинКолледжі #ҚаламМенОй