31.08.2026
2026 жылдың 31 тамыз күні Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы «Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі» МКҚК базасында №1 педагогикалық кеңес отырысы өткізілді.
Педагогикалық кеңестің негізгі тақырыбы – «Білім сапасы, цифрлық мүмкіндіктер және кәсіби құзыреттілік: 2026-2027 оқу жылындағы педагогикалық басымдықтар». Кеңес барысында жаңа оқу жылына қойылатын мақсаттар мен міндеттер, білім беру сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және оқу үдерісін заманауи талаптарға сай ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Педагогикалық кеңес барысында 2026-2027 оқу жылына колледжге жаңадан қабылданған педагог-ұстаздармен таныстыру рәсімі өткізілді. Жаңа мамандарға колледж ұжымы атынан жылы лебіздер айтылып, алдағы кәсіби қызметтеріне сәттілік тілектері білдірілді.
Әлеуметтік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайту, білім алушылардың кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға қолдау көрсету және теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру мақсатында маңызды қадам жасалды. Осы бағытта Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімінің жанындағы «Көктем» бөбекжайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Аталған меморандум білім беру саласындағы өзара әріптестікті дамытуға, педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттердің кәсіби тәжірибеден өтуіне қолайлы жағдай жасауға, олардың болашақ маман ретінде кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Ынтымақтастық аясында студенттердің педагогикалық практикадан өтуі, тәжірибелі мамандардың кәсіби шеберлігін зерделеуі, оқу-тәрбие үдерісін бақылау және талдауы, бірлескен әдістемелік іс-шараларға қатысуы және кәсіби бағдар беру бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру көзделеді.
Мұндай әлеуметтік серіктестік болашақ педагогтердің кәсіби ортаға бейімделуіне, педагогикалық қызметтің қыр-сырын тәжірибе барысында меңгеруіне және алған теориялық білімдерін нақты білім беру үдерісінде тиімді қолдануына мүмкіндік береді.
Кеңестің күн тәртібіне сәйкес бірінші мәселе бойынша қабылдау комиссиясының мемлекеттік тапсырысты орындау бойынша атқарылған жұмыстарының нәтижелері туралы есеп ұсынылды. Ж.Аугалиева қабылдау науқанының қорытындылары, мемлекеттік тапсырыстың орындалуы және жаңа оқу жылына қабылданған білім алушылар жөнінде баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Екінші мәселе бойынша 2026-2027 оқу жылына арналған колледждің кешенді білім беру бағдарламасы талқыланып, бекітілді. Д.Ілияс, А.Рахым, Т.Жоламанова, Б.Батанасова және Ж.Өтепбай білім беру бағдарламасының негізгі бағыттары мен алдағы оқу жылында жүзеге асырылатын міндеттерді таныстырып, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Үшінші мәселе аясында колледждің 2026-2027 оқу жылына дайындығы және алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар жоспары таныстырылды. Колледж директоры М.Елеушова жаңа оқу жылына дайындық барысына тоқталып, колледж жұмысының басым бағыттары мен жүзеге асырылатын міндеттерді атап өтті.
Педагогикалық кеңес барысында жаңа оқу жылындағы білім сапасын арттыру, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, әлеуметтік серіктестік аясындағы жұмыстарды дамыту және білім беру үдерісін заманауи талаптарға сай ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысында жаңа 2026-2027 оқу жылына арналған негізгі мақсат-міндеттер айқындалып, колледждің оқу-тәрбие үдерісін сапалы ұйымдастыру, білім алушыларға сапалы білім мен кәсіби тәрбие беру, педагогтердің шығармашылық және кәсіби әлеуетін арттыру, сондай-ақ әлеуметтік серіктестермен өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытында нақты міндеттер белгіленді.
#ЖМусинКолледжі #ПедагогикалықКеңес #20262027ОқуЖылы #БілімСапасы #ЖаңаОқуЖылы #Педагогтер #Көкшетау #ӘлеуметтікСеріктестік