08.06.2026
2026 жылдың 8 маусым күні қорытынды аттестаттау емтихандары басталды. Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде 0113100 – «Логопедия» мамандығы, 5AB01130101 – «Логопед» қолданбалы бакалавры біліктілігі бойынша білім алып жатқан IV курс Л-41ҚБ тобының студенттері дипломдық жұмыстарын қорғады.
Жалпы саны 9 дипломдық жұмыс қорғалды. Атап айтқанда, «Сөйлеу тілінің фонетикалық-фонематикалық дамымауын түзету технологиялары», «Артикуляциялық гимнастиканың логопедиялық жұмыстағы рөлі», «Ринолалиясы бар балалармен жүргізілетін логопедиялық жұмыстың әдістемесі» және басқа да өзекті тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстары ұсынылды. Дипломдық жұмыстардың теориялық және практикалық бөлімдері жан-жақты қамтылып, ғылыми-зерттеу нәтижелері көрсетілді.
Әрбір студент өз тақырыбының өзектілігін негіздеп, зерттеу барысында тәжірибеде қолданған дидактикалық материалдары бойынша көрме ұйымдастырып, жұмыстарын сәтті қорғады.
Қорытынды аттестаттау комиссиясының құрамында «Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімінің жанындағы Көкшетау қаласының «Әсел» балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының логопед маманы Төлегенова Бақыт Қазақстанқызы және «Арман» бөбекжайының логопед-дефектолог маманы Алғужина Гүлмира Абланқызы қатысты.
Л-41ҚБ тобының бітіруші студенттеріне дипломдық жұмыстарын қорғауда және демонстрациялық емтиханды сәтті тапсыруда толағай табыс, жоғары нәтижелер мен кәсіби жетістіктер тілейміз!