21.05.2026
2026 жылдың 20 мамыр күні Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Бүгінгі студент – ертеңгі маман» тақырыбында түлектер жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – функционалды сауатты, бәсекеге қабілетті, заманауи әдіс-тәсілдер мен ақпараттық-коммуникациялық, инновациялық технологияларды меңгерген түлектердің жұмысқа орналасу сапасын арттыру, кәсіби құзыретті мамандар даярлау болды.
Жәрмеңке барысында IV курс студенттерінің кәсіби біліктілігі мен функционалдық сауаттылығы бағамдалып, болашақ педагог мамандардың оқу кезеңінде жеткен жетістіктері мен тәжірибелері таныстырылды. Сонымен қатар, ұстаздық жолда еңбек етіп жүрген колледж түлектерімен кездесу ұйымдастырылып, кәсіби тәжірибе алмасу жүзеге асырылды.
Іс-шараның алғы сөзі колледж директоры Меңдігүл Жабайқызы Елеушова беріліп, түлектерге сәттілік тілеп, қазіргі қоғамдағы педагог мамандығының маңыздылығына тоқталды.
Кездесу аясында директордың оқу-өндірістік жұмысы бойынша орынбасары Жоламанова Тойындық Молдағалиқызы 2025–2026 оқу жылындағы бітіруші түлектер туралы статистикалық есеп ұсынып, мамандықтар бойынша бітірушілердің көрсеткіштерімен таныстырды.
«Мамандығым – мақтанышым» атты бөлімде түрлі мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер өз мамандықтарының ерекшеліктері, артықшылықтары мен кәсіби мүмкіндіктері туралы мазмұнды ақпарат берді. Студенттер болашақ маман ретінде кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, таңдаған мамандықтарының қоғамдағы рөлін айқындады.
«Ойталқы: түлектер пікірі» алаңында колледж түлектері қазіргі еңбек жолындағы жетістіктері туралы баяндап, студенттерге кәсіби бағыт-бағдар берді. Кездесуге білім беру ұйымдарының басшылары, орынбасарлары, педагогтер мен мамандар қатысып, жас мамандарға қолдау білдірді.
Сонымен қатар, Ақмола облысы бойынша аудандық білім бөлімдерінің мамандары қатысып, «Еркін микрофон» бөлімінде білім саласындағы өзекті мәселелер мен кадрлық қажеттіліктер жөнінде пікір алмасты. Кездесу барысында бокс, күрес, биатлон, самбо және спорттық құзға өрмелеу бағыттары бойынша мамандарға сұраныс жоғары екендігі айтылды.
Әлеуметтік серіктестер тарапынан бос жұмыс орындары ұсынылды. Атап айтқанда, «Зерек» бөбекжайының өкілі Рахмонбердиева Дилфуза Сапараливна тәрбиеші маманына сұраныс білдірсе, Сандықтау ауданы Балкашино селосындағы «Мирас» балабақшасының өкілі Ашуркова Татьяна Михайловна да тәрбиеші мамандарды жұмысқа шақырды.
Сонымен қатар, қазақ тілі, ағылшын тілі мұғалімдері және аудармашы мамандарына қажеттілік бар екеніндігі де айтылды.
Көкшетау қаласындағы №2 мектептің директордың оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Баймағамбетова Римма Кенжеболатовна білім беру ұйымына екі логопед маманы қажет екендігін айтып, түлектерді жұмысқа шақырды.