10.04.2026
2026 жылдың 9 сәуір күні Ғылым қызметкерлері күніне орай «Ғалыммен бір күн» атты сырласу алаңы ұйымдастырылды. Кездесудің мәртебелі қонағы — ҚР Еңбек сіңірген ұстазы, Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының және Ұлттық құндылықтар академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы ғалым Ахат Нұртас Ахатұлы болды.
Кездесу барысында ғалым ғылымның қоғамдағы орны, оның даму бағыты, білім мен руханияттың сабақтастығы туралы терең әрі тағылымды ойларымен бөлісті. Ғалымның әрбір пікірі ғылымның мәнін ұғындырып қана қоймай, жас ұрпаққа рухани бағдар берді.
Іс-шара аясында Нұртас Ахатұлының «Қазақтың ары», «Сөз және сурет», «ЕЛ» атты еңбектері жан-жақты талданып, ұлттық сана, рухани құндылықтар мен тұлға қалыптастыру мәселелері кеңінен қарастырылды. Әдебиет саласындағы сүбелі зерттеулері арқылы ғалымның еңбектері әр қазақтың ұлттық рухын оятатыны айқындалды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, PhD доктор Рақымжан Оралсын Қалиқайдарқызы «Қазақтың ары» еңбегіне ғылыми тұрғыда талдау жасап, фреймдік модель негізінде «ар» концептісінің құрылымы, мазмұны және мәдени код ретіндегі ерекшелігін терең ашып көрсетті.
Ағылшын бөлімінің 4-курс студенті Қуат Аружан «Сөз және сурет» еңбегіндегі сөз бен бейне үндестігін ғылыми тұрғыда саралап, мазмұнды баяндама жасады.
Нұртас Ахатұлының философиялық ой-түйіндерін «Ақ қауырсын» поэзия клубының мүшелері әсерлі жеткізіп, кештің рухани мазмұнын тереңдете түсті.
Кездесу барысында оқытушылар мен студенттер ғылыми ойлау, ұлттық құндылықтар және заманауи білім беру бағыттары жөнінде құнды пікірлермен сусындап, өзара еркін пікір алмасты. Сондай-ақ студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тағылымы мол жауаптар алды.
Кеш соңында колледж директоры Елеушова Меңдігүл Жабайқызы ғалымның білім мен ғылым саласына қосқан зор үлесін ерекше атап өтіп, ізгі лебізін білдірді. Директордың оқу жұмысы бойынша орынбасары Ілияс Данагүл Нұртайқызы мен директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары, PhD докторант Батанасова Бахытгүл Ерғалиқызы да жүрекжарды тілектерін жеткізіп, ғалымның өнегелі жолын жоғары бағалады.
Шәкірттер де өз алғыстарын білдіріп, ғалымның әр сөзі мен ойы өздеріне бағыт-бағдар болғанын ерекше ықыласпен жеткізді. Ізгі тілектер мен шынайы алғыс — ғалымға деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.
Бұл кездесу — тек пікір алмасу алаңы ғана емес, ғылымға деген көзқарасты жаңғыртқан, рухани серпін сыйлаған тағылымды сәт болды. Мұндай мазмұнды жүздесулер жас ұрпақтың ғылыми әлеуетін арттырып, болашаққа нық қадам жасауына жол ашады.
#ҒылымКүні #ҒалымменБірКүн #НұртасАхатұлы #ҚазақРуханияты #ҒылымЖәнеБілім