14.06.2021
Егеменді еліміздің ертеңі мен бүгіні үшін аянбай еңбек етіп, ғылым-білім жолындағы үлкен жүректі зиялы азамат ретінде танылып жүрген ұлттың ұлы азаматтарының бірі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовті бүгінгі мерейлі жасымен шын көңілден құттықтаймыз!
Еліміз егемендігін алғаннан бері талай сындарлы жылдарды басынан өткеріп, бүгінгі таңда биік жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Мемлекетіміздің осындай дәрежеге жетуі – ел мүддесін ойлап, халқының қамын жеген қалаулы азаматтар, лауазымды тұлғалардың арқасында екені белгілі.
Осындай ел үмітін арқалаған тұлғалардың ішінде Асхат Қанатұлының орны ерекше. Қандай да бір келелі істің басы-қасында жүріп, кемел ойлар айтып, халықтың ризашылығына, алғысына бөленіп жүрген азаматтардың бірегейі деп танимыз.
Қашанда қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл өмірде таңдаған жолыңыздың еліміз үшін маңызы өте зор. Қазақстанның білім саласына жаңадан екпін беріп, өркендеуіне сүбелі үлесіңізді қосады деген сенімдеміз. Еліміздің болашақ дамуы мен бәсекеге қабілетті ел болуы үшін тер төгіп жүрген жанашыр адамдардың алдыңғы қатарында болуыңыз еңбегіңіздің жемісі деп білеміз.
Ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуі жолында алмағайып заманның арбауына түспеген Сіздің адамдықтың ары жолындағы адалдығыңыз бен тектілігіңіз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Ғасырлар тоғысында өмір сүріп, ұлт мүддесі жолында жалын боп жанған Өр тұлғаңызды құрмет тұта отырып, Сізге ұзақ ғұмыр, өрелі өміріңізге өзекті тіршілік тілейміз.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің ұжымы