20.02.2026
Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – нашақорлық пен темекі шегу. Әсіресе жастар арасында бұл зиянды әдеттердің кеңінен таралуы алаңдатады. Колледж студенттері – елдің болашағы, білікті маман әрі саналы азамат болуға ұмтылатын жастар. Сондықтан денсаулыққа зиян келтіретін әрекеттерден аулақ болу өте маңызды.
Нашақорлық пен темекі шегу адам ағзасына ғана емес, оның психикасына және әлеуметтік өміріне де кері әсерін тигізеді. Зиянды әдеттер уақыт өте келе тәуелділікке әкеліп, адамның өмір сапасын төмендетеді.
Осы мақсатта Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттеріне «Нашақорлық – ғасыр дерті» тақырыбында лекция оқытылды. Лекция барысында зиянды заттардың адам денсаулығына тигізетін кері әсері, олардың ағзаға, жүйке жүйесіне және болашақ ұрпаққа келтіретін зияны жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар тәуелділіктің пайда болу себептері, оның алдын алу жолдары және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы кеңінен айтылды.
Студенттермен пікір алмасу ұйымдастырылып, олардың ойлары тыңдалды. Лекция соңында жастарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау, зиянды әдеттерден аулақ болу және спортпен айналысуға, дұрыс тамақтануға, белсенді өмір салтын ұстануға шақыру жасалды.
Салауатты өмір салтын ұстану – жарқын болашақтың кепілі. Әрбір жас өз денсаулығын сақтауға саналы түрде қарауы тиіс.