17.02.2026
2026 жылдың 17 ақпанында Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде практика блогының жоспарына сәйкес «Тәжірибе алаңы: Ізденіс. Шеберлік. Жаңалық» атты облыстық шеберлік сағаты жоғары деңгейде өтті. Бұл шара мектепке дейінгі білім беру педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, озық тәжірибемен алмасуға және оқу-тәрбие үдерісіне заманауи инновациялық технологияларды тиімді енгізуге бағытталды.
Шеберлік алаңында Бұланды ауданындағы «Айгөлек» балабақшасының тәрбиешісі Полатова Әсел Ербекетқызы балабақшада AR технологиясын тиімді қолдану жолдарын таныстырды. «Балдырған» балабақшасының педагог-сарапшысы Шакиева Жазира Ондасыновна мектепке дейінгі білім беруде заманауи инновациялық технологияларды қолдану бойынша іс-тәжірибесімен бөлісті.
Көкшетау қаласындағы «Айша» бөбекжайының әдіскері Бахытжан Март мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің үлгілік оқу бағдарламасын іске асыру, перспективалық жоспар құру, циклограмма әзірлеу және мониторинг жүргізудің тиімді тәсілдерін түсіндірді.
«Зерек» балабақшасының тәрбиешілері: педагог-модератор Үсен Гүлсая сюжетті-рөлдік ойынның мектепке дейінгі балалардың дамуындағы маңызын атап өтсе, Қиззат Райхан Мұратқызы «Intellectum – ойлай білетін баланың танымдық әлемі» тақырыбында практикалық тәжірибе ұсынып, танымдық қабілеттерді дамыту жолдарын көрсетті.
«Арман» бөбекжайының дене тәрбиесі нұсқаушысы Мадиева Айгүл Тұрғанбековна ұлттық асық ойындары арқылы баланың қимыл-қозғалысы мен ойлау қабілетін дамытудың тиімді әдістерін таныстырды. Ал «Мерей» балабақшасының педагог-модераторы Сердалина Айгерім Сайлаубаевна В. Воскобовичтің дамытушы ойындарын қолдану ерекшеліктеріне тоқталды.
Сонымен қатар колледждің мектепке дейінгі бөлім оқытушылары студенттерге жетекшілік жасап, тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырды. Шара барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, тың идеялармен бөлісіп, кәсіби шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.