13.02.2026
Ағымдағы жылдың 12 желтоқсанында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің ұйымдастыруымен өткен «Ж.Мусиннің әдебиет пен журналистика тоғысындағы рухани мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция секциялық отырыстармен жалғасын тапты.
Секциялар барысында Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннің әдеби және публицистикалық мұрасы, ұлттық рух пен азаматтық ұстаным мәселелері, сондай-ақ әдеби тұлғалар еңбектерінің педагогикалық интерпретациясы жан-жақты талқыланды.
Қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Қайырбай Айым Маралбекқызының модераторлығымен өткен «Ж.Мусин публицистикасындағы ұлттық рух пен азаматтық ұстаным» тақырыбындағы І секция жұмысына республика көлемінде жоғары оқу орындарының, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру мекемелерінің мамандары онлайн және офлайн форматта қатысты.
Баяндамаларда Жанайдар Мусиннің публицистикасындағы елдік сана, ұлттық идея, азаматтық үн мен қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар қаламгердің «Туған үйдің түтіні», «Жер шоқтығы Көкшетау» еңбектері негізінде ұлттық рухтың көркемдік бейнесін талдап, шығармаларындағы тарихи таным мен отаншылдық идеялардың маңызын айқындады. Сонымен қатар өңірлік баспасөздің қалыптасуындағы Ж.Мусиннің рөлі, «Мусиндік журналистика мектебі» ұғымы және жас ұрпақ тәрбиесіндегі қаламгер мұрасының орны туралы мазмұнды пікірлер ортаға салынды. Студенттер мен жас зерттеушілердің баяндамалары секция жұмысына серпін беріп, ғылыми ізденістің сабақтастығын көрсетті.
Колледж директорының практика жөніндегі орынбасары, педагог-шебер, педагогика және филология ғылымдарының магистрі Жоламанова Тойындық Молдағалиқызының модераторлығымен өткен «Әдеби тұлғалар еңбектеріндегі педагогикалық интерпретация» атты ІІ секцияда әдеби мұраны білім беру үдерісіне енгізудің әдістемелік негіздері мен инновациялық тәсілдері талқыланды.
Қатысушылар Ж.Мусин шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды мектепке дейінгі, орта және кәсіптік білім беру жүйесінде қолдану мүмкіндіктерін саралады.
Сондай-ақ Мағжан Жұмабайұлы, Мұхтар Мағауин сынды әдеби тұлғалардың еңбектеріндегі педагогикалық идеялармен сабақтастық мәселесі қозғалып, тәрбие мен білім беру үдерісіндегі рухани мұраның маңызы айқындалды. Конференцияға жалпы 140-тан астам мақала келіп түсті.
Секция отырыстары барысында әдеби шығармаларды кәсіби маман даярлау үдерісінде пайдалану, болашақ педагогтердің кәсіби құндылықтарын қалыптастыру, ана мен бала қарым-қатынасы сияқты өзекті тақырыптар қамтылды. Іс-шара соңында баяндамашылар арнайы сертификаттармен марапатталды.