11.02.2026
Жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннің 90 жылдық мерейтойына орай Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде Жанайдар Мусин атындағы облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткізілді.
Аталған мәдени-танымдық іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа көрнекті қаламгердің шығармашылық мұрасын кеңінен таныту, көркем сөзге деген қызығушылықты арттыру, әдеби талғам мен сахналық мәдениетті қалыптастыру, тарихи тұлғаларға деген құрмет сезімін нығайту.
Байқауға Көкшетау қаласы мен облыс көлеміндегі жалпы білім беретін мектептердің оқушылары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Сайыс екі кезең бойынша ұйымдастырылды.
Бірінші кезеңде қатысушылар Көкше өңірі ақындарының поэзиялық шығармаларынан үзінді оқыса, екінші кезеңде Жанайдар Мусиннің прозалық туындыларынан мәнерлеп оқу шеберліктерін көрсетті.
Байқау барысында қатысушылардың көркем мәтінді оқу шеберлігі, дауыс мәнері, тіл тазалығы, сахналық бейне мен киім үйлесімі қазылар алқасы тарапынан бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар мен арнайы номинациялар анықталды.
Жүлделі орын иегерлері:
Степногорск қаласындағы А. Байтұрсынұлы атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Советова Аяулым – III орын;
Көкшетау қаласындағы №19 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Искакова Аяулым – II орын;
Көкшетау қаласындағы №20 мектеп-гимназиясының оқушысы Күлен Аружан – I орын.
Көркем сөзді жүрекпен жеткізуші» номинациясы – Көкшетау қаласындағы №4 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Кусаинова Айлин;
«Рухани тереңдік» номинациясы – Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Дүйсенбек Ақерке марапатталды.
Байқауға қатысқан барлық қатысушылар мен жетекшілерге сертификаттар табысталды.