15.01.2026
2026 жылдың 15 қаңтарында Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің ұйымдастыруымен, «Білім» бейіні бойынша Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің жұмыс жоспарына сәйкес, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру (ТжКББ) мәселелеріне арналған Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте ұсынылған өзекті тақырыптар аясында бөлім меңгерушілері мен кафедра жетекшілеріне арналған жұмыс отырысы өткізілді.
Отырыс барысында ТжКББ мен жоғары білім беру бағдарламалары арасындағы сабақтастық пен синхрондалуды қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларының үйлесімділігін арттыру мақсатында ТжКББ деңгейінде қалыптасқан оқыту нәтижелерін тану тетіктерін қарастыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтары бойынша:
• жұмыс оқу жоспарын әзірлеу;
• жұмыс оқу бағдарламаларын құрастыру тәртібі;
• оларды нормативтік-құқықтық талаптарға сәйкес әзірлеу ерекшеліктері
кеңінен талқыланды.
Отырыс аясында «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің педагог қызметкерлеріне арналған авторлық бағдарламаны әзірлеу бойынша әдістемелік ұсынымдар» тақырыбы да қарастырылды. Авторлық бағдарламаларды әзірлеудің құрылымы, мазмұны, күтілетін нәтижелері және оларды білім беру тәжірибесіне енгізу жолдары бойынша нақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесу соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды. Аталған жұмыс отырысы педагог кадрлардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, білім беру бағдарламаларының сапасын жетілдіруге және ТжКББ жүйесінде бірізді әдістемелік жұмысты қамтамасыз етуге бағытталды.