17.11.2025
2025 жылдың 17 қараша күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Денсаулықты нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру» пәні бойынша дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы Садвакасов Айбек Серікұлының үлгі сабағы өтті.
Сабақтың мақсаты – қимыл-қозғалыс әрекеттерін меңгерту арқылы қозғалыс дағдыларын дамыту және жаттығуларды дұрыс орындауға үйрету.
Сабақ барысында студенттер:
🔹баскетболшы тұрысы, дриблинг және тоқтау элементтерін түрлі деңгейде орындады;
🔹екі қолмен доп жүргізу, аяқ арасынан өткізу, отырыста дриблинг жасау сияқты әдіс-тәсілдерді пысықтады;
🔹жылдамдық, тепе-теңдік және қозғалыс үйлесімділігін дамытатын жаттығуларды орындады;
🔹топтық және жұптық жұмыстар арқылы бір-бірін бағалап, ынтымақтастық дағдыларын көрсетті.
Практикалық бөлімде білім алушылар фишкалар арқылы қозғалыс траекториясын сақтап доп жүргізу, step-тұрысында тоқтау сияқты жаттығуларды орындап, өздерінің техникалық қабілеттерін көрсете алды. Сабақта бейнематериалдар, интерактивті тапсырмалар және қалыптастырушы бағалау әдістері тиімді қолданылды.
Сабақ соңында студенттер рефлексия жасап, өз жетістіктері мен жетілдіру қажет тұстарын анықтады. Үй тапсырмасы ретінде жаттығулар техникасын үй жағдайында қайталау және тақырыпқа қатысты бейнематериал қарастыру ұсынылды.
Үлгі сабаққа «Ақмола облысы білім басқармасының туризм, дене шынықтыру, алғашқы әскери және технологиялық дайындық орталығы» КММ-нің әдіскері Шамекешев Қайрат Еслямбекұлы, колледж әдіскері Сабырова Әсем Бекешқызы, сондай-ақ «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының оқытушылары қатысты.
Үлгі сабақ жоғары деңгейде өтіп, қатысқан әріптестер тарапынан оң бағасын алды. Оқытушы Садвакасов Айбек Серікұлы студенттердің қызығушылығын арттырып, олардың қозғалыс мәдениетін дамытуға бағытталған сапалы жұмыс жүргізді.