05.11.2025
2025 жылдың 31 қазан күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «JasOrda» жастар ісі жөніндегі комитетінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ «I SHYAQ» педагогикалық жасағы, «Қоңыр қаз» дуэті, «Мерей» би ансамблінің және колледждің белсенді жастарының қолдауымен І курс студенттерін студент қатарына қабылдау кеші өтті. Іс-шара барысында биылғы оқу жылы биік белестер мен жүлделі орындардан бастау алғаны аталып өтілді. Директордың міндетін атқарушы, директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары Батанасова Бақытгүл Ерғалиқызы І курс студенттеріне студенттік билеттерді табыстай отырып, ыстық лебізді құттықтау сөзін арнады. Ал колледж директорының оқу жұмысы бойынша орынбасары Ілияс Данагүл Нұртайқызы студенттерге жүрекжарды ақ тілегін арнап, оқу секторларына білім кілтін табыстады. І курс студенттерінің арасында топтармен танысу мақсатында «Менің тобым және мен таңдаған мамандық» атта бейнероликтер байқауы өткізілген болатын. Осы орайда, сайыс жеңімпаздарын директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Рахым Арайлым Қайыргелдіқызы марапаттап, студенттер қауымына сәттілік, биік жетістіктер тіледі. Осындай маңызды кеште І курс студенттері колледждің өркендеуіне үлес қосып, үздік студент болуға ант етті. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда колледжде жастардың табысты әлеуметтенуі үшін Студенттер Парламенті жұмыс атқарады. Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен ережесіне сай жыл сайын колледжде Студенттер Парламентінің Президенті сайланып отырады. Қыркүйек-қазан айларында колледждің қабырғасында өткізілген сайлауға 8 үміткер өз кандидатурасын ұсынған болатын. Нәтижесінде «Информатика» бөлімінің ІІІ курс студенті Амантайқызы Нұржамал Студенттер Парламентінің Президенті атанды. Арнайы төсбелгіні 2024-2025 оқу жылында Студенттер Парламентінің Президенті болған «Филология» мамандығының ІV курс студенті Султанова Алина табыс етті. І курс студенттері үшін ұйымдастырылған маңызды іс-шарада әуелеген ән де, мың бұралған би де, қағытпа әзіл де болды. Салтанатты кеш қызықты, әрі ерекше өтті.