24.10.2025
Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі ұжымы Дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші, «Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері» төсбелгісінің, «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломының,
«Армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетов» медалінің иегері, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшесі – Хамзин Елебек Советұлын «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының жеңімпазы атануымен шын жүректен құттықтайды! Байқау еліміздің педагогтерінің кәсіби біліктілігін арттыру, үздік педагогикалық тәжірибені тарату және білім беру сапасын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған. Бұл атақ – ұстаздық еңбектің жоғары деңгейде мойындалуы мен педагогикалық шеберліктің айқын көрсеткіші. Елебек Советұлы – еліміздің дене тәрбиесі саласында өзіндік қолтаңбасы бар тәжірибелі ұстаз, шәкірт тәрбиелеуде жауапкершілігі мен адамгершілік ұстанымын үлгі еткен тұлға. Елебек Советұлы көптеген ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен республикалық семинарлардың белсенді қатысушысы, дене шынықтыру және спорт саласындағы ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы. Оқытушының кәсіби ізденісі мен жаңашыл әдістемелік жұмысы колледж ұжымына, студенттерге және жас мамандарға үлгі болуда. Хамзин Елебек Советұлының жетекшілігімен студенттер түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, колледждің абыройын асқақтатып келеді. Елебек Советұлының еңбегі – тек кәсіби жетістік емес, жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына, рухани және дене тәрбиесінің үйлесімді дамуына қосылған зор үлес.
Елебек Советұлы, жеңісіңіз құтты болсын! Сізге мықты денсаулық, отбасылық амандық, шығармашылық шабыт пен биік кәсіби белестер тілейміз! Сіздің еңбегіңіз жас мамандардың жолын жарық етіп, қазақстандық білім мен спорт саласының дамуына жол аша берсін!