2025 жылдың 27 ақпан күні Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан педагогикасы: білім мен ғылымның сабақтастығы» ғылыми-педагогикалық форумы өтті. Негізгі мақсат – Қазақстандағы білім мен ғылым мәселелерін бірлесе шешу. Форум аясында секциялық жұмыстар, пленарлық мәжіліс және кампус-тур жүргізілді. Секциялық жұмыстар «Мектепке дейінгі білім беру мәселелері», «Орта білім берудің өзекті мәселелері», «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің өзекті мәселелері» және «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мазмұнының мәселелері» тақырыптарында қарастырылды. ІІІ секция «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің өзекті мәселелері» бойынша филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының және Ұлттық Құндылықтар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы «Қолданбалы бакалавриат жүйесіндегі «Колледж-Университет» сабақтастығы тақырыбында баяндама жасап, республикадағы педагогикалық колледждердің өзекті мәселелеріне тоқталды.