Мамандық таңдау – болашақ өмірді анықтайтын маңызды қадам. Нарықта үлкен сұраныстарға ие, қоғамға пайдалы және өзінің қызығушылықтары мен қабілеттеріне сәйкес мамандықтарды іздеуде болашақ талапкер қателеспегені абзал. Осы орайда, кәсіптік бағдар беру жұмысының маңызы зор. Ағымдағы жылдың 25 ақпан күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің кешенді білім беру бағдарламасына сәйкес, кәсіби бағдар беру жұмысын жүзеге асыру мақсатында директордың практика жұмысы жөніндегі орынбасары Жоламанова Тойындық Молдағалиқызы, филология бөлімінің меңгерушісі Рахым Арайлым Қайыргелдіқызы, Тіл және әдебиет кафедрасының арнайы пән оқытушысы Рахимова Айсұлу Сенбіқызы Ақмола өңіріндегі Зеренді ауданына қарасты Игілік ауылының жалпы орта білім беретін мектебіне барып, 9-11-сынып оқушыларына кәсіби бағдар берді. Мектеп оқушыларына колледжде меңгерілетін мамандықтар мен олардың ерекшеліктері, оқу орнының материалдық-техникалық базасы, педагогикалық құрамы туралы толық ақпарат берілді. Оқуға түсуге қажетті құжаттар тізімі ұсынылып, құжат тапсыру шарттары түсіндірілді. Болашақ талапкерлерді толғандырып жүрген сұрақтарға жауап беріліп, қызығушылықтары қанағаттандырылды.