Ағымдағы жылдың 19 ақпан күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Педагогикалық шеберлік шыңына жету жолдары» атты облыстық семинар-практикумы өтті. Практика блогы мен «Мектепке дейінгі педагогика және логопедия» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға балабақша тәрбиешілері, әдіскерлері, колледж оқытушылары, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бөлімінің студенттері қатысты. Негізгі мақсат – мектепке дейінгі ұйымдарда оқу-тәрбие әрекеттерін ұйымдастыруды цифрландыру мәселелері мен оны шешу жолдарын, іс-әрекетті ұйымдастырудың жаңашыл әдіс-тәсілдерін практика жүзінде көрсетіп, тәжірибесімен бөлісу. Семинар барысында Көкшетау қаласы «Еркемай» балабақшасының тәрбиешісі Мадиева Нұргүл Тұрганбекқызы «Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңарту» тақырыбында ой бөліссе, Көкшетау қаласы, «Еркемай» балабақшасының тәрбиешісі Төлегенова Кенжегүл Сапарқызы «Сиқырлы саусақтар» – ұсақ қол моторикасын дамытуға арналған құралын ұсынды. Көкшетау қаласы «Алтын бала» балабақшасының дефектолог-логопеді Махметжанова Самал Самиголлақызы сөйлеу тілі тежелген балаларға «Ақылды айна» технологиясын қолданудың тиімділігін атап өтті. Көкшетау қаласы «Қуаныш» бөбекжайының мектепалды тобының тәрбиешісі Даирова Сания Мұратбекқызы «Ұлтымыздың асық ойыны – тәлім-тәрбиенің көзі» тақырыбында баяндама оқыса, Көкшетау қаласы «Нұр бала» балабақшасының тәрбиешісі Омарова Альфия Зейнұрқызы «Мектепке дейінгі ұйымдарда балалар ұжымын қалыптастыру құралдары» бойынша тимбилдинг ұйымдастырды. Ақмола облысы, Бұланды ауданы «Балдәурен» бөбекжайының тәрбиешісі Махшанай Замзагуль «Мектепке дейінгі ұйымдарда оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін ұлттық дәстүрге ұштастыру жолдары» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті. Ақмола облысы, Бұланды ауданы «Балдәурен» бөбекжайының тәрбиешісі Хуандых Арайгуль мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа инновациялық технологияларды қолданудың маңыздылығын атап өтті. Көкшетау қаласы «Мерей» бөбекжайының тәрбиешісі Сердалина Айгерим Сайлаубайқызы мектепке дейінгі ұйымдарда В.В.Воскобовичтің дамытушы ойындарын қолдану ерекшеліктерін көрсетсе, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Логопедия» бөлімінің ІІІ курс студенті Темірхан Үміт «Қолжетімді технологиялар мен инклюзивті цифрлық құралдар» тақырыбында демонстрация жасады. Облыстық семинар-практикумының қорытындысы бойынша қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, кері байланыс жасады. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.