07.02.2025
Ағымдағы жылдың 6 ақпан күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Заманауи білім және жасанды интеллект» тақырыбында Ақмола облысы колледждері педагогтерінің «Педагогикалық бағыт» әдістемелік бірлестігінің №2 отырысы өтті. Әдістемелік бірлестіктің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскерлері мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты. Негізгі мақсат – білім беру процесінде жасанды интеллект технологияларын қолдануды талқылау және талдау, жасанды интеллектті оқытуға біріктіруге байланысты мүмкіндіктер мен сын-қатерлерді анықтау, сондай-ақ, осы технологияларды өз тәжірибесінде тиімді пайдалану үшін оқытушылардың дағдылары мен білімдерін қалыптастыру. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының және Ұлттық Құндылықтар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, колледж директоры Ахат Нұртас Ахатұлы өз сөзінде іс-шараның маңыздылығын баса айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Әдістемелік отырыста колледжіміздің оқытушылары өз тәжірибелерімен бөлісті. Теориялық бөлім барысында логопедия пәнінің оқытушысы Искакова Бахыт Жарматайқызы инклюзивті білім беруде цифрлық сауаттылықты дамыту жолдарын атап өтсе, орыс тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Жабагинова Майра Қанапьяновна студенттердің оқу сауаттылығын қалыптастыруда цифрлық технологияларды қолданудың (орыс тілі мен әдебиеті бойынша жұмыс дәптеріндегі тапсырмалар мысалында) маңыздылығын ұғындырды. Сонымен қатар практикалық бөлімде «Информатика» кафедрасының жетекшісі, арнайы пәндер оқытушысы, Қамалиден Айгерім Сағындыққызы «2025 жылы трендте болатын жасанды интеллект құралдары» атты шеберлік сағатын өткізді. Оқу бөлімінің меңгерушісі, арнайы пәндер оқытушысы Балдыкова Гульден Турлыбековна және информатика пәнінің оқытушы Садвакасова Сания Уаликызы «Білім берудегі геймификация және жасанды интеллект. Пәнаралық интеграция» тақырыбында демонстрация көрсетті.