18.03.2021
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі, Бастауыш мектеп бөлімінің БМ-11, БМ-22ҚБ топтарының қатысуымен 2021 жылдың 17 наурыз күні «Наурыз – құт-береке бастауы» атты мерекелік іс-шара өткізілді.
Наурыз мейрамы байырғы заманнан келе жатқан «көктемгі жаңару» мерекесі екені белгілі. Наурыз – күнтізбе бойынша жаңа жылдың алғашқы күні. 21 наурызда күн мен түн теңеледі. Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі көптеген халықта ежелден сақталып қалған, әрі бүгінгі заманда да мәдени, тарихи маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл – дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жаңғырта отырып, жалпыадамзаттық құндылықтарды нығайтатын халықтық мереке.
Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық мәдени құндылықтарымызды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған мерекелік шарада халықтың бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқан дәстүрлерімен қатар, ұмыт қалған бұрнағы салттары, ғұрыптары да көрсетілді. Жастар арасында «қыз ұзату», «су шапан», «үкі тағу» сынды салт-дәстүрлері сахналанып, «сыңсудан» үзінділер айтылды. 1-курс студенттері халықтық дәстүрлерді көрсетуде, сахналық қойылымдар барысында өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете алды. Қатысушылар байқауға жақсы дайындық, көп ізденіспен келгендігі байқалды.