2024 жылдың 23 желтоқсан күні «Көкшетау» Мәдениет сарайында Ақмола облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен белгілі журналист Бейсен Құранбектің идеясының желісімен түсірілген «Ұстаз» фильмінің көрсетілімі өтті. Көрсетілімге Қазақстанның еңбек сіңірген Ұстаздары, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегер ұстаздары және Ақмола облысының ардагер ұстаздары және жас мамандар қатысты. Филология ғылымдарының кандидаты, Педагогикалық ғылымдар академиясының және Ұлттық құндылықтар академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы фильмнен соң қорытынды сөз сөйлеп, еліміздегі барша педагогтердің адал еңбегін шынайы көрсетіп, Ұстаз бейнесін аша білген көркем туындыға жоғары баға беріп, ой-пікірімен бөлісті. Айта кету керек, «Ұстаз» фильміндегі қарапайым ауыл мұғалімі Ілиястың рөлін шебер сомдаған актер Еркебұлан Айдымбаев еліміздегі барша педагогтердің адал еңбегін шынайы көрсете білді. Көрсетілімнен соң білім басқармасының басшысы Балташова Айнагүл Қыдырбаевна құрметті ұстаздармен кездесу өткізіп, білім басқармасында жақында ғана ашылған ұлағатты ұстаздарға арналған «Ұлт айнасы – Ұстаз» атты ҚҰРМЕТ тақтасымен таныстырды.