09.03.2021
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде Филология бөлімінің ұйымдастыруымен «Әлихан Бөкейханов – ұлт көшбасшысы» атты студенттік семинар-практикум өтті. Іс-шараға М.Жұмабаев атындағы Ақмола облысының әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Әлжанова Марал Нұржанқызы, Ақмола облысы мәденеиет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы «Әдебиет және өнер музейі» МКМ қызметкері Тағанбаева Зәуреш Сәдуақасқызы қатысып, тағылымды да мазмұнды баяндамаларын ұсынды. Студенттік семинар-практикумның мақсаты: болашақ филолог-мамандардың Әлихан Бөкейхановтың тәуелсіздік, азаттық тақырыбындағы еңбектері, мәдениет, тарих, ағартушылық, ғылым мен білімді арқау еткен мақалалары туралы ізденімпаздық, шығармашылық жұмыс жүргізуіне ықпал ету әрі Алаш Орда үкіметінің ұлт тарихындағы орны жайында ой қорытып отансүйгіштік сезімдерінің сабақтаса дамуына үлес қосу. Студенттік семинар-практикумға үш бағыт бойынша жұмыстар қабылданды: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» – Әлихан Бөкейханның тәуелсіздік, азаттық тақырыбындағы еңбектері бойынша мақалалар; «Білім күн сияқты, көрінгеннің бәрін жарылқайды» – Әлихан Бөкейханның мәдениет, тарих, ағартушылық, ғылым мен білімді арқау еткен мақалалары, шығармашылығы жайлы мақалалар; «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» — Әлихан Бөкейхан бастаған ұлттық интеллигенция өкілдерінің бастамасымен құрылған Алаш Орда үкіметінің ұлт тарихындағы алар орны туралы мақалалар. Семинар-практикум барысында үш бағыт бойынша үздік деп танылған мақалалар қорғалды, талқылау жұмыстары жүргізілді. Іс-шара қонақтары Әлжанова Марал Нұржанқызы мен Тағанбаева Зәуреш Сәдуақасқызына алғысымызды білдіреміз.