14.01.2021
2021 жылдың 13 ақпанында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде ғылыми-әдіснамалық және инновациялық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша колледж директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары А.Рахым оқулық және оқу-әдістемелік кешендер жазудың жаңа жүйесі жайында сөз сөйлеп, бірқатар міндеттерге арнайы тоқталып өтті. Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясы тарапынан өткізіліп жатқан «Оқулықты әзірлеу әдіснамасы және авторлардың кәсіби дағдыларын жетілдіру» курсының маңыздылығын ескертті. Колледж оқытушысы педагогика ғылымдарының PhD докторанты Б.Батанасова студентке бағытталған білім беру процесінде инклюзивті білім берудің ерекшелігін айта келіп, оның білім беру бағдарламаларына енгізілу қажеттілігін көрсетті. Колледж әдіскері Г.Қырқаева педагогтердің курстан өтуі бойынша есеп беріп, алдағы уақытқа біліктілікті арттыру курстары бойынша қажеттіліктерді айқындады. Колледждің PhD мамандарын даярлау мәселелері бойынша сөз сөйлеген директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары А.Рахым докторантураға ұсынылатын оқытушылар тізімімен таныстырып, колледждер академиялық еркіндікке көшкен кезде педагогтердің ғылыми әлеуеті жоғары болуы қажеттілігін ерекше атап өтті. Ғылыми-әдіснамалық және инновациялық кеңес отырысының қорытындысында колледж директоры Нұртас Ахатұлы тарапынан бірқатар нұсқаулар мен тапсырмалар берілді.