АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ

ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

Жеңісімізді мақтан тұтамыз!

21.11.2019

Ғалымдар ерте кезден құзіреттілік ұғымын өз бетінше іске асырылатын қабілеттілік екенін, оқушының алған білімдеріне, өмірдегі тәжірибелеріне негізделетінін атап өткен болатын. Дж. Равеннің пікірінше, «құзіреттілік»  -  жеке тұлғаның көп қасиеттерін топтайтын ұғым. Соған байланысты бүгінгі таңда WorldSkills чемпионаты тәрізді тұлғаның жан-жақты қырларын ашып, тәжірибелерін шыңдауға мүмкіндік беретін байқаулар көп.

1947 жылы Испанияда алғаш рет кәсіптік-техникалық дайындық бойынша ұлттық байқау өтті. Бұл байқау мемлекетте білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік туғызды. Аталған идея авторы Испан жастар ұйымының бас директоры Хосе Антонио Элола Оласо болды. Уақыт өте келе әлемнің әртүрлі мемлекеттерінде, айталық, Пиреней, Германия, Ұлыбритания, Франция және Мароккода осындай байқауларға қатысушылар көбейе бастады. Осыдан келе, 1983  жылы International Vocational Training Organisation (IVTO) – кәсіби шеберлік байқауларын өткізу бойынша ұйым құрылды. Алғаш рет Испаниядан басқа жерлерде, 1958 жылы Дүниежүзілік көрме шеңберінде Брюссельде, 1970 жылы Токиода болды. 2000 жылдардың басында IVTO атын және символын өзгертті, содан бастап ол WorldSkills International деп аталатын болды. Қазіргі таңда WorldSkills International Өңірлік және Ұлттық жарыстарды қоса алғанда, көптеген іс-шаралар жүргізіп жатыр.

Бүгінгі күні WorldSkills International – қатысушы мемлекеттегі немесе өңірдегі орта кәсіптік білімнің дамуына жауапты және өзінің болашақ қызметі ретінде, дағды мен құзіреттіліктерді дамыту арқылы әлемді жақсартуды көздейді.

WorldSkills  чемпионаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту болып табылатын халықаралық коммерциялық емес қозғалыс, 75 қатысушы  мемлекеттегі өндіріс саласындағы дәстүрлі қол өнерден кәсіби деңгейге дейінгі мамандықтар және қызмет көрсету саласындағы қозғалыс. WorldSkills әлемнің барлық кәсіптік білімнің дамуына тікелей әсер етеді.

Қарашаның 12-14 аралығында WorldSkills  – 2019» - V республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты Нұр-Сұлтан қаласында  өтті. Бұл чемпионатқа әр мамандық бойынша жеті облыстан келген  жүйріктер қатысты. Соның ішінде «Бастауыш сыныптарда оқыту» құзіреттілігі бойынша Көкшетау қаласының, нақтырақ айтсақ, колледжіміздің намысын қорғап, жеңіс туын желбіреткен  Маджитова Лаура жүлделі орынмен оралды. Бұл чемпионаттың ерекшелігі – «Бастауыш сыныптарда оқыту» құзіреттілігі негізінде біздің елімізде Ұлттық деңгейінде алғаш рет өткізілді.

Лаура 2018-2019 оқу жылындағы колледжішілік WorldSkills байқауында 1 орынды иеленіп,  Щучинск қаласында өткізілген аймақтық байқауға жолдама алған болатын. Аймақтық жарыста өз өнерін ортаға салып жүлделі 2 орынды еншіледі. Ағымдағы жылы, Маджитова Лаура «WorldSkills – 2019» V Республикалық кәсіби шеберлік Чемпионатында «Бастауыш сыныптарда оқыту» құзіреттілігі бойынша I-ші орынмен оралды.

Маджитова Лаура – бастауыш мектеп бөлімінің мақтанышы,  жауапкершілігі мол студент. Ол - бірінші курстан бері колледжішілік, аймақтық, республикалық сайыстардың жүлделі орындарының иегері. Лаурадан болашақта білімді, білікті ұстаз шығуына толық сенімдіміз!

Бұл жеңіс алға деген ұмтылыс, айқын мақсат пен төзімділіктің арқасында алынды. Мұндай нәтижеге жету жолында колледжіміздің білікті, бетке ұстар мамандары аянбай еңбек етті. Атап айтсақ, Батанасова Бақытгүл Ерғалиқызы 2-ші модульде жаңа сабақты қалай тиімді түсіндіру керектігіне бағыт-бағдар берсе, Жүсіпова Динара Петровна 1-ші модуль бойынша электрондық портфолионы ағылшын тілінде еркін қорғап шығуына дайындады. Қамалиден Айгерім Сағындыққызы АКТ-мен қалай жұмыс жасау керектігін, соның ішінде,  GoogleSites.ru, Ukit.com,  Wix.com, NetHouse.com, ActiveInspire және Видеомонтаж программаларын қолдануды үйретті. Азбергенова Баян Әубәкірқызы сыныптан тыс іс-шара бойынша презентация жасауға септігін тигізсе, Төлеген Өмірбек Шаймұратұлы түрлі жағдаяттардан шығу жолдарын бірге қарастырды. Топ жетекшіміз Әміржанова Гүлмира Қайыржанқызы «5 минутта үйретемін» атты 3-ші модулі бойынша шеберлігі мен шығармашылығын кеңейтті. Оқытушылардың жұмыла жұмыс жасауында бағыт-бағдар, алдарына нақты мақсат қойып ерең еңбек еткен жетекшісі Мұқышева Қарагөз Серікқызы болды. Лаураның осы чемпионатқа дайындалуына шешуші рөлді атқарып, осы істің басы – қасын жауапкершілікпен басқарды. Қарашаның 11–15 күндері аралығында Лаураға қолдау көрсетіп, толғанысты сәттерде жанынан табылды, жігерлендіріп отырды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, колледж ұжымына алғыс білдіреміз. Бұл істің басталуында айқын мақсат қойған колледж директоры Ахат Нұртас Ахатұлы жеңіске деген өз сенімін білдіріп, қолдау көрсеткені осындай нәтижеге жетудің басты себептерінің бірі болды.

Қорыта келе, осындай жұмыстар мен жоспарлар арқылы білікті маман, білімді ұрпақ даярлау мақсатына қарқынды жетеміз. Осы үлгіде жұмыс атқара білсек, болашағымыз жарқын болатынына кәміл сенеміз!

                                       

БМ-41тобының студенттері және топ жетекшісі Г.Әміржанова



Добавить комментарий



Включить данные в подпись
Жаңартылған күні: 21.11.2019 10:10
Құрылған күні: 09.05.2020 21:42

СоцСети

Ұйымдар тізімі
Текст